«Талан» фильмі — қазақ киносындағы төңкеріс
Қазақ киносы десе, қалың көрермендердің енжар ғана «сол баяғы бір сарын шығар» деп қоя салатыны жасырын емес. Өйткені қазақ киносы көп ретте үмітті ақтай алмай жатады. Атағы айға асырылған «Көшпенділер» бір көрінді де, көрермен көңілінен орын ала алмаған күйі ғайып болды. Одан кейінгі тарихи фильмдеріміз баршылық, алайда ел аузында қалғаны азшылық. Ал қыркүйектің 20-нан бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастаған «Талан» фильмі табиғаты тыңнан түрленген киножоба екені даусыз. Киноның басты ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқталып өтейік.
Біріншіден, бұл режиссер Болат Қалымбетовтың төл туындысы қазаққа тарихи кино ауадан бетер қажет болған алмағайып тұста «іздегенге сұрағанның» кері келіп, оңынан туған жоба болды. Бүгінгі қазақ көрермендері аударма түрік, үнді, кәріс телехикаяларымен алданып, ойлануды емес, көңіл көтеруге бағыт алып бара жатқаны анық. Оған айыпты көрермен емес, оның алтын уақытын түкке де татымайтын аударма телехикаялармен «мақсатсыз толтырып жүрген» телеарналар кінәлі. Міне, сол «рухани аштық» кезеңінде тоқшылыққа бастар, рухымызды асқақтатар жілігі татымды дүние туды. Бұл — алты алаш үшін айрықша қуаныш.
Екіншіден, «Талан» жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» хикаятының желісі бойынша түсірілген. Атап айтқанда, көпшілік қаламгерлер қопарып жазудан аяқ тартатын ашаршылық ақиқаты мен соғыс шындығы жазушы Жүсіпбектің аталмыш хикаятында шынайы көрініс тапқан. Киноға арқау болған әдеби шығарма «Таланның» жұлдызын оңынан туғызып тұр. Ұлт тарихын ұлықтау тәрізді биік идея киноның өн-бойынан аңғарылып тұр.
Үшіншіден, киноның сәтті шыққанына тамыры терең тарихымызды тиісінше толғай алатын режиссер мен жазушы, сондай-ақ, елге белгілі актерлік құрам еңбек сіңірді. Қазақ киносында өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген Ерік Жолжақсынов, Шынар Жанысбекова, Ержан Нұрымбет, Асан Мәжит сынды майталмандар сомдаған бейнелер нанымды әрі тұңғиық ойға жетелердей майлы жіліктей болып шықты.
Төртіншіден, кино тілі шұрайлы, бай ұлттық тілде өрілген. Режиссер Б.Қалымбетов өз сөзінде «Талан» дүниежүзілік кино өнеріндегі ең соңғы озық кино тілінде түсірілген», — деп мақтанышпен паш еткені бар. Бұлай айтуға салмақты себептер бар. Кино тілінде қайсыбір қазақ фильмдеріндегідей шұбалаңқылық жоқ. Кейіпкерлер өзара жинақы, жұмыр диалогта сөз қағыстырады. Мысал келтірейік: «Есейді қолындағы қамшысынан таныдым. Бет-жүзі қатты бүлініп қалыпты. Кешегі аштық арыстай үш ұлым мен төрт немеремді жұтты. Енді мен бейбақтың жүрегі әлденеден шайлығар деймісің?» Бір-ақ ауыз сөзге тарихи шындықты сыйғыза алу — хас таланттардың ғана ісі. Аз сөзбен терең астар бере білгеніне тағы бір дәлел: «Мен оны тауып, жерлегеніме қуандым». Әсілі, адам туғанын әлдеқайдан өлі күйде тауып алып, жерлегеніне қуана ма? Сол 30-40 жылдардағы нәубет қасіретін бір сөзге байлап беру де шеберліктің шыңына шыққан таланттардың еңбегі десе артық болмас. Кино тілі метафора, символ сияқты көркемдегіш құралдарға өте бай. Тілінің осынша көркем келуі көрермендеріне ойтүрткі болуда қалтқысыз қызмет ете алады. Жақсы кино ғана тәрбие құралына айналары хақ.
«Таланның» стилі, кейіпкерлердің сөз саптасы, тіпті киім кию үлгілері де, барлығы ХХ ғасырдың басындағы тарихи кезеңді елестетті. Жалпы, қарапайым адамдар тағдырын бейнелегенімен, олардың әрқайсысы жеке-жеке жиынтық образ.Тауды мекен етіп, түз тағысына айналған азамат, ері соғыста қаза тауып, жастай жесір атанған қазақ әйелі, өз жерінде пана таппай, ауа көшкен қалың ел, әпербақан шолақ белсенділер, бәрі-бәрі өз бойларына бүтін бір заман тұлғаларының бейнелерін жинап алған. «Талан» — кешегі кеңестік отарлау саясатының кесірінен тұс-тұсына тұрымтайдай тозғындаған, ашық аспан астында өліктері шашылған қазақтың қасіретті тарихының тағдырлы картинасы.
Айзат Рақыш