Талас ауданында 930 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады

Талас ауданында 1 қыркүйек – Білім күні сән-салтанатымен аталып өтті. Талас аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алды.
Мереке қарсаңында Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова, Талас аудандық мәслихатының хатшысы Қадірбек Садубаев, Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, Талас ауданының Құрметті азаматы Зейнолла Сабыров, мектепішілік Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы, білім ұясының ұстаз — ардагерлері Данагүл Молдабаева, Салихан Дуанаев Қаратау қаласындағы күрделі жөндеуден өткен Дінмұхамед Қонаев атындағы мектепке табан тіреп, оқушылар мен ата-аналарды және ұстаздар қауымын мерейлі мерекемен құттықтады.
Жалпы биыл аудандағы білім мекемелерінде барлығы 9774 оқушы білім алады деп жоспарланса, оның ішінде 930 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғашқы рет аттап отыр.
Салтанатты шараның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Серікқызы мектеп есігін жаңадан ашқан бүлдіршіндерді алғашқы білім күнімен құттықтап, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында қажырлы, жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында сәттілік, әрбір шығармашылық бастамаларына табыс тіледі.
Мұнан соң, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадірбек Рысқұлбекұлы сөз алып, білім алушыларға бәсекеге қабілетті, шығармашылық қарымы шыңдалған шәкірт ретінде танылып, келешекте еліміздің тұтқасын ұстар азамат болуға тілектестігін білдірді.
Одан бөлек, білім алушыларды Талас ауданының Құрметті азаматы Зейнолла Сабыров, Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы, ұстаз-ардагер Данагүл Молдабаева құттықтап, жүрек жарды ақ тілектерін арнады.
Айта кетерлік, биыл қабырғасы 1953 жылы қаланған 540 оқушыға арналған білім ордасының сейсмикалық беріктілігін нығайту және күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 207,1 миллион теңге қаражат бөлінген. Мердігер – «ТаразЭлитСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Салтанатты шара соңында «Алғашқы қоңырау соғу» салтанаты өтті. Ол Алтын белгіден үміткер, 11 «А» сынып оқушысы Малика Юлдашева, 1 «Ә» сынып оқушысы Жеңіс Айару, 1 «А» сынып оқушысы Ермекбай Айсана, 1 «Б» сынып оқушысы Рахымжан Қаһарға тапсырылды.

merzim.kz