Талас ауданында тындырымды іс көп
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков пен аудан орталығы Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Брифинг барысында спикерлер аудан аумағында атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып өтті.
Әуелі аудан әкімі Нұрбол Әбдімажитұлы жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге кеңінен тоқталды. Мәселен, аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 116,1 пайызға артық орындалған.
Алайда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға кем орындалып, нақты көлем индексі 51,8 пайызды құрапты. «Talas Investment Company» ЖШС зауытының құрылысы кеш басталуынан және «Karatau Chemicals» ЖШС құрал-жабдықтарының кеш келуі көрсеткіштің кенжелеуіне себеп болыпты. Дегенмен, белгіленген меже жыл соңына дейін толық орындалады деп жоспарланып отыр.
– Ауданда 2022-2025 жылдарға 49,8 миллиард теңгенің 8 ірі жобасы жоспарланған. Онда 617 адам жұмыспен қамтылатын болады. Атап айтсақ, «Talas Investment Company» өндірісі өндіретін натрий цианид өнімін 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға, «Каратау ПРО» өндірісінің ұнтақталған мәрмәр толтырғышы өнімін 110 мың тоннадан 190 мың тоннаға арттырып, «Азия хим» кәсіпорнының жылына 150 мың тонна минералды тыңайтқыштарын өндіру жоспарланып отыр. Сол секілді «Karatau Chemicals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 25 мың тонна пиросульфитнатрий өндіретін болады. Ал, «жасыл» экономика саласында жел электр энергиясын өндіру бойынша 5,4 миллиард теңгенің 3 жобасы жоспарланып, 2023 жылы іске асырылады. Атап айтқанда, «Шенгелді», «Новатэкс» және «Шенгелді-2» жобаларының әрқайсысының қуаты – 4,5 мВт. 3 қондырғыдан 9 қондырғы орнатылып, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Талас ауданының әкімі.
Жалпы ауданда 3739 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Былтыр, есепті кезеңмен салыстырғанда 955 бірлікке өскен. Олардың 189-ы шағын-орта кәсіпорын болса, 2332-сі жеке кәсіпкерлік және 1218-і шаруа қожалықтар.
Сонымен қатар, жыл басынан бөлшек сауда тауар айналымы 1 миллиард 301,9 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 121,8 пайызға артық орындалыпты. «2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде осы жылдың 4 айында барлығы 35 миллион теңгені құрайтын 2 жоба қаржылай қолдау тапқан.
Де сек те, аграрлық ауданда ауыл шаруашылығы өнімі былтырғыға қарағанда 171 миллион 300 мың теңгеге кем орындалыпты. Жалпы ауданда 36 086 мүйізді ірі қара, 500 441 бас қой-ешкі, 16 051 бас жылқы, 2557 бас түйе, 212 бас шошқа және 39 950 үй құстары бар. Былтырға қарағанда мал санында өсім байқалады.
– 2023 жылдың өнімі үшін барлығы 14195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады және 953 гектарға пар дайындалады. Яғни, барлық егістік жердің 72 пайызы игеріледі. Оның ішінде күздік бидай 5000 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4465 гектарды құрайды. Көктем айларында 4730 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде 1600 гектар жаздық арпа, 500 гектар дәндік жүгері, 750 гектар мақсары, 50 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс және 1200 гектар көпжылдық шөп. Бүгінгі күнге 4282 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Осы жылдың 4 айында аудан бойынша барлығы 88,1 миллион теңгеге 4 бірлік трактор және 12 бірлік әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Жоспар 2,1 пайызға орындалды. 2023 жылға жаңару жоспары 93 бірлікті құрайды, – деді Нұрбол Жүнісбеков.
Сондай- ақ, ауданда қазір Үшарал, Ойық және Қаратау қаласында жалпы 4 жылы жай көкөніс өнімдерін өсірумен айналысып отыр. Су тапшылығы мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда.
– Ауданда биыл 3 шаруа қожалығы 150 гектар егіс көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егісін суару үшін жұмыс істеуде. Оның ішінде Бостандық ауылдық округіндегі «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады. Осы шаруашылық өткен жылы 77 миллион теңгеге инвестициялық жоба жасап, жаңбырлатып суару құрал-жабдығын және сусорғысын сатып алып, оларды құрастырып, сынақтан сәтті өткізді және қараша айында жерін жыртып егін егуге дайындап қойған болатын. Қазіргі кезде 50 гектар алқапқа көпжылдық шөп орналастырылуда. Сонымен қатар, Бостандық ауылдық округінен «Зерхат» шаруа қожалығы құны 100 миллион теңгеге тамшылатып суару технологиясын орнатып, 70 гектар жерді игеруде. Бұған қоса, аталған округтегі «Жаңалық» шаруа қожалығы су үнемдеу технологиясын қолданып, 30 гектар жерге жүгері, бақша және картоп дақылдарын егуде, – деді аудан әкімі.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты аясында 118,2 миллион теңгеге 14 жобаны Бостандық, Берікқара және Аққұм ауылдық округтерінде іске асыру жоспарланып отыр екен.
Аудандағы құрылыс саласының жұмыстары да қарқынды. Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 4782 шаршыметрді құрап, былтырғы есепті мерзіммен салыстырғанда 105,6 пайызға артығымен орындалыпты. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында биылға 9 үй жоспарланып, қазіргі таңда 1 үй пайдалануға берілген.
Аудан басшысының айтуынша, Таластағы жалпы 23 елді мекеннің 14-і көгілдір отынның игілігін көруде.
– Ақкөл, Қызыл әуіт, Ақтөбе елді мекендерінде ішкі кварталдық газ тарату желісінің құрылысы бойынша 10,7 миллион теңге бөлініп, жобалық- сметалық құжаттары әзірленген. Жобалық құны 622,8 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар сараптамадан өтуде. Көктал ауылына газ жүйесін тарту үшін ЖСҚ әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстарына тиісті қаражат бөлінді. Қасқабұлақ, Есейхан, Қараой ауылдарына газ тарту үшін 25,6 миллион теңге бөлініп, ЖСҚ-ы дайындалуда, – дейді Нұрбол Әбдімажитұлы.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Ойық ауылынан дене шынықтыру- сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуге 122 миллион 222 мың теңге бөлініпті. Ал, «Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында дәрігерлік амбулатория салу» жобасы бойынша 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 9 миллион теңге, Көктал ауылы С.Сейфуллин көшесі №7 мекенжайда орналасқан мәдениет үйінің құрылысын салуға биылға 50 миллион теңге қаралған.
– Қазіргі таңда ауданда 23 елді мекеннің 16-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған ауыз суға қосылмаған 7 елді мекенді Қайыр, Ақтөбе, Арал елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін мембрандық қондырғы орнатуға және Тұрымқұл, Қожағаппар, Қараой, Сейілбек елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірлеуге аудандық бюджеттен 30 миллион теңге бөлініп, қосымша осы жылға 5 миллион теңге қаралып, ЖСҚ дайындалды. Жалпы жобалардың құны – 2 миллиард 902,7 миллион теңге. Мұнда тек халық саны 200 адамнан төмен болған жағдайда мембрандық қондырғы орнатылады, – деді аудан әкімі.
Басқосу барысында Нұрбол Әбдімажитұлы аудандағы жолдардың жай-күйі мен салық түсімдерінің көрсеткіштерін де тілге тиек етті. Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Ауданның сан саласында оң өзгерістер бар. Жыл басынан бергі қылмыстық құқықбұзушылықтар да 35,4 пайызға төмендеген. Алдағы жоспар да ауқымды. Аудан басшысы брифинг барысында тұрғындардың табысын арттыруға қатысты сауалдарға тұшымды жауап беріп, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ, Ақжол газеті