Талас экономикасы тұрақты даму үстінде
Елі бай, жері бай Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бұрнағы жылдармен салыстыруға мүлдем келмейді. Қай салада болмасын жоғары өсу қарқыны байқалады.
Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Уристеновтің айтуынша, 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 36 миллиард 325 миллион 300 мың теңгені құрап, 2021 жылымен салыстырғанда 133,7 пайызға немесе 9 миллиард 151 миллион 500 мың теңгеге артық орындалған (2021 жылы 27 миллиард 173 миллион 800 мың теңге).
Сондай-ақ өнеркәсіп өнімдері 18 миллиард 652 миллион 600 мың теңгеге өндіріліп, өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 2021 жылмен салыстырғанда 139,1 пайызға немесе 5 миллиард 241 миллион 700 мың теңгеге артық орындалыпты.
Медет Әбдімәшұлы 2022 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар аз емес екенін, алдағы жоспарлар да ауқымды екенін тілге тиек етті.
– Негізгі капиталға салынған инвестициялар қаңтар-шілде айларында 7 миллиард 307 миллилон 500 мың теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы өнімі қаңтар-шілде айларында 10 миллиард 650 миллион теңгеге өндіріліп, 2021 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 138,9 пайызға немесе 2 миллиард 984 миллион 600 мың теңгеге артық орындалды. (2021 жылы 7 миллиард 665 миллион 400 мың теңге). Нақты көлем индексі 100,3 пайызды құрады.
Жеке және шағын кәсіпорындардағы сауда тауар айналымы 1 миллиард 899 миллион 600 мың теңгені құрады. Тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 130 пайызға артық орындалды.
Ал құрылыс жұмыстарының көлемі қаңтар-шілде айларында 5 миллиард 123 миллион 100 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 110,5 пайызға немесе 487 миллион 200 мың теңгеге артық орындалды. Нақты көлем индексі 105,4 пайызды құрады.
Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі қаңтар-шілде айларында 12915 шаршы метрді құрап, 2021 жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 108,3 пайызға немесе 993 шаршы метрге артық орындалды. (2021 жылы 11922 шаршы метр), – деген Медет Әбдімәшұлы басқа да салаларда өткен жылмен салыстырғанда соны серпін бар екенін жеткізді.
Жалпы Талас ауданы аграрлы аймақ екені белгілі. Бүгінде ауданда асыраушы сала алшаң басып, нәтижесінде тұрғындардың табысы артып, тұрмысы жақсара түсуде. Сондай-ақ өндіріс, өнеркәсіп салалары да үлкен маңызға ие. Ағымдағы жылдың басынан басымдыққа ие негізгі салаларда қыруар жұмыстар атқарылған. Алдағы уақытта да жоспарға сай жұмыстар жүргізіле бермек.
merzim.kz