ТАЛАС ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРАДЫ
Осыдан бір жыл бұрын Ақкөлдегі ағайынның әңгімесі «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген мәтелмен басталатын.
Себебі аудан орталығы Қаратау қаласына көшкелі бері қарашаңырақ қараусыз қалып еді. Босаған үй, қираған ғимарат, тозған жол мен жұмыссыздықтан қажыған жұрт басқа не айтсын?!
Атап айтқанда,«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында ауыл ішіндегі 21 көше жөнделді. Қаншама жылдар қаңырап тұрған училище ғимараты күрделі жөндеуден өтіп Оңалту орталығы болып қайта ашылды.
Орталықта 172 жұмыс орны болса, соның 140-ы жергілікті тұрғындар. Төбесінен су сорғалап тұрған мәдениет үйінің шатыры да күрделі жөндеуден өтті. Былтыр қазығы қағылып, құрылысы басталған еңселі спорт кешені биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, жыл аяғында өрт сөндіру бекеті ашылып, су жаңа өрт сөндіру машинасы сыйға тартылды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «ЖОМАРТ ТҮЛЕК» жобасы аясында «Тәуелсіздік аллеясы», «Түлектер аллеясы» мен стрит воркаут алаңшасы салынды, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ауласы абаттандырылды.
Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 150 млн. теңгеге жаңа мешіттің құрылысы басталды. Ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«АСАРЛАТЫП ҮЙ САЛУ» жобасы аясында ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 1 отбасыға баспана берілді. Сондай-ақ ауылға 3 қандас отбасыларын көшіріп әкеліп, баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттілген.
Міне, мұның барлығы өткен жылы атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.
Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақкөл ауылында болып, ауыл әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынына қатысты.
Бердібек Машбекұлы ауылда бірліктің арқасында жүзеге асқан берекелі тірліктің оң бағасын берді.-Көп ұзамай жергілікті тұрғындар көгілдір отынның игілігін көрмек. Бұл бағыттағы жұмысты биыл аяқтауға тырысамыз. Одан бөлек дəрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау жоспарда бар. Ескі ғимараттың орнына жаңасын салу қажет. Өйткені, қазіргі стандарт бөлек, қойылатын талап басқа.
Мамыр айына дейін «Ақкөл» су қоймасын 90 млн. текше метрге толтыру керек. Жауапты сала мамандарына бұл туралы тапсырма берілді. «Жомарт түлек»,«Асар» жобалары өз жалғасын табуы тиіс,-деді өңір басшысы елмен өткен есепті кездесуде.
Сонымен қатар облыс әкімі жиыннан соң бірқатар азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады, спорт кешенінің құрылысымен және «Ақ көл» су қоймасына су жинау жұмыстарының барысымен танысты.