Таласта дауыс беру баршаға қолжетімді өтті
Ел тұрғындары асыға күткен ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Аудандағы барлық сайлау учаскелері таңғы жетіден Әнұранмен өз жұмыстарын бастады. Науқан бүгін кешкі 20:00-ге дейін өтеді. Яғни, сайлаушылар өз дауыстарын осы уақытқа дейін беріп үлгерулері тиіс.
Ауданымызда 28 285 сайлаушы тіркелген. Тұрғындар өз таңдауын жасау үшін аудан бойынша 30 сайлау учаскесі дайындалды. Дауыс беру учаскелері ресми ашылып, таластықтар мекенжайлары бойынша таңдау жасауда. Бұған дейін азаматтар сайлау орны мен уақыты жайлы алдын ала хабарламалар арқылы ақпарат алған болатын.
Азаматтық міндетіне үлкен ыждағатпен кіріскен тұрғындар ерте уақытқа қарамастан учаскіге келіп ел ертеңіне өз дауысын беру арқылы атсалысуда. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылған науқанға бейжай емес жандар жауапкершілікпен қарайды.
Бүгінгі кезектен тыс Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына 18 жасқа толған барлық Қазақстан Республикасының азаматтары қатысуға құқылы. Тіпті, үйінен ұзап шыға алмайтын қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да саяси науқанға қатыса алады.
Аталған жағдайдағы дауыс беретін сайлаушылар арнайы мобильдік топ мүшелері тарапынан үй—жайларға жеткізілген тасымалдаушы жәшіктер арқылы дауыс беруде.
Бүгін елімізде өтіп жатқан ел Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттарының кезектен тыс сайлауында тұрғындарға көңіл күй көтеру мақсатында сайлау учаскелерінің маңынан дауыс берушілерге Наурыз көже мен ыстық бауырсақтар таратылды.
Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мейрамымен қатар келген еліміздегі маңызды саяси науқан Қазақстан Республикасының Парламенті мәжілісінің және әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауы Талас ауданында мерекелік көңіл күймен өтуде. Сайлау учаскелері маңынан сайлаушылар арасында асық ату, ләңгі тебу, қол күрес сынды ұлттық ойындарымыздан сайыстар өтуде.
Талас ауданында 84 жасар кейуана дауыс берді.
Талас ауданына қарасты Ойық ауылдық округіндегі № 402 сайлау учаскесіне өз таңдауын жасауға келген 84 жасар Бибатша Рахимбаева өзі қалаған кандидатқа дауыс беріп, еліміздің жарқын болашағы үшін ақ батасын берді.
Талас ауданы, Қаратау қаласындағы № 414 сайлау учаскесінің маңында дауыс берушілер арасында спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылуда.
Дауыс беру процесі штаттық режимде өтіп жатыр. Заңнама бұзушылықтары тіркелген жоқ. Адамдар сайлауға жақсы көңіл-күйде келіп жатыр. Жоғары қатысу деңгейі байқалады.
Жалпы Қаратау қаласы, Лицей мектебінде орналасқан № 414 сайлау учаскесінде барлығы 2318 сайлаушы тіркелген.
Таластық жас отбасы өз таңдауын жасады
Талас ауданы, Қызыләуіт ауылдық округі, М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектебінде орналасқан № 403 сайлау учаскесіне жаңадан тұрмыс құрған жас отбасы келіп, дауыс берді. Отағасы Батырғали мен оның зайыбы Самал еліміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады.
«Биылғы Парламент Мәжілісі мен әртүрлі деңгейдегі мәслихат сайлауының маңыздылығы жоғары екендігін түсінеміз. Сондықтан отбасымызбен келіп, өз таңдауымызды жасадық» — деді Батырғали Примов.
Ең алғаш рет дауыс берді
19 наурыз – мемлекетіміз үшін маңызды күн. Әрбір сайлаушының дауысы елдің тағдырын шешеді. Аудандағы сайлау учаскелеріне алғашқылардың бірі болып жастар келуде. Солардың бірі, Талас ауданы, Үшарал ауылдық округі, № 396 сайлау учаскесінде ең алғаш рет дауыс берген жас сайлаушы Орынбасар Мұқан өз таңдауын жасады.
Талас ауданы әкімдігі баспасөз қызметі