Таласта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда

Кәсіпкерлік саласы дамыса, халықтың да тұрмысы жақсарып, әлеуеті артатыны анық. Сондықтан мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласын дамытуға барынша көңіл аударылуда.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында Талас ауданында да кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп, нәтижесінде аймақ экономикасы еңсе тіктеп келеді. Жалпы 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында шағын және орта кәсіпкерлік мәртебесімен ауданда 2 886 субъектісі тіркелген (2021 жылы – 2745). Олардың 183-і шағын-орта кәсіпорын (2021 жылы – 179), 1 839-ы дара кәсіпкер (2021 жылы – 1 710) және 864-і шаруа қожалықтар (2021 жылы – 856). Бүгінгі таңда тіркелген субъектілердің 2 441-і немесе 84,6 пайызы жұмыс істейді (2021 жылы 2 211 немесе 80,5 пайыз).
Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 3 298, оның ішінде шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғаларда 469, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғаларда 76, дара кәсіпкерлікте 1688 және шаруа қожалықтарында 1065 адам жұмыспен қамтылған.
Талас ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров өнеркәсіп саласында да жүйелі жұмыстар атқарылып, тиісінше көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда өскенін айтады.
– 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18652,620 миллион теңгені құрады. Яғни өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда (2021 жылы – 13410,9 теңге), өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 5241,7 миллион теңгеге артық немесе 139,1 пайызға орындалды. Нақты көлем индексі – 99,1 пайыз.
2021 жылдың қаңтар-шілде айларына аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 13410,9 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 95,9 пайызды құраған. Ал 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында өңдеу өнеркәсіп өндірісінің көлемінің болжамы 9721,0 млн теңгені құрады, яғни өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда (2021 жылы – 9160,0 теңге), өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 561,0 миллион теңгеге артық немесе 6,1 пайызға артық орындалады, – дейді А.Тауасаров.
Атап өтер болсақ, аудандағы ірі өндіріс орны «Талас Инвестмент Компании» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 942 тонна цианид натрий және 2 222 тонна сульфат аммоний өндіріпті. Сондай-ақ «Талас Инвестмент Компании» ЖШС-мен экспортқа 7 айда цианид натрий 2 792 тонна жіберіліпті.
Бөлім басшысының айтуынша, аудандағы басқа да ірі өндіріс орындарының әлеуеті жыл санап артып келеді. Өнім көлемі де ұлғайып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде екен.

merzim.kz