Таластың Үшарал мешіті

Еліміздің тарихқа бай өңірінің бірі – әйгілі Тараз Қаратауы. Бұл аймақтың тау-қыраттарының (Найзағызыл, Қыскөпір, Ақтөбе, т.б.) өзі шежіреге толы. Мұның сыртында Билікөл, Ақкөл, Тұздыкөл секілді аңызға тиек болған көлдері де бар. Өсімдіктері, жеміс-жидектері де ерекше. Дейтұрғанмен, тарихи ескерткіштерінің жөні бөлек. Сондай мұраның бірегейі – «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қарауына тиісті Талас ауданындағы Үшарал мешіті.

Әулиеата-Тараз жерінде XVІІ ғасыр­дың соңына қарай мешіт-медресе салу жұмысы жанданғанын байқаймыз. ­XIX ға­сырда бұл істі Ресей империясы өз ­идео­логиясы аясында жүргізіп, шіркеу мен мешіт құрылысына қаржылай көмек көрсеткені аңғарылады. Бұл ретте осы істі Түркістан генерал-губернатор­лы­ғы, кейін Уфадағы Мұсылман діни назараты (мүфтият) жүйелеп отырды. Яғни діни ғибадат орындарын тұрғызуға үкімет те, жергілікті іскер азаматтар да атсалысты.

Үшаралдағы Әбіл ишан мешіті, Бестам кентіндегі Қарақожа мешіті, Әулие атадағы Жүнісбай мешіті, Әбдіқадыр мешіті, Нәметбай мешіті – жергілікті халықтың сұранысынан өмірге келген имандылық орындары. Сондықтан бұл діни ғимараттар – қазақ халқының мәдени-рухани байлығы ретінде тарихқа енді.

з

Біз осы жолы Үшарал мешіті ғима­ратының құрылыс мәселесін қарас­тыр­мақпыз. Ол Қаратау мен Алатау орта­сындағы Талас және Аса өзендері аяғында, бүгінгі территориялық өлшеммен Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылдық округі жерінде орналасқан.

Ауыл тұрғындары «бұл мешітті жергілікті азаматтардың қаржысына Ташкент жақтан келген Ислам есімді шебер салған» дейді. Бірден айтайық, бұл ғимарат жалғыз адамның қолынан келетін құрылыс емес. Мұны арнайы шеберлер тобы жергілікті халықты жұмылдырып салғаны талас тудырмайды.

Қолда бар дерекке қарағанда, ме­шіт құрылысы 1900 жылы аяқталып, пай­далануға берілген. Кейбір деректерде 1906 жылы ашылғаны жазылады. Сонда бұл ғимараттың тұрғанына – 124 (118) жыл. Құрылыстың жоспарын үйлестіру, құрылысшыларды тарту мен материалдар дайындау ісімен Ислам шебер айналысса, Үшарал, Тоғызкент аймағының имамы Әбіл ишан деген жалпы ұйымдастыру ісімен шұғылдан­ған. Бұл туралы марқұм шығыстану­шы-ғалым, дінбасы-қайраткер Әбсаттар қажы Дербісәлі «Қазақстан мешіттері мен медреселері» атты кітабында мәлімет берген («Аруна» баспасы, 2009 жыл, 158-бет).

Деректерге қарағанда, мешіт құры­лы­сы үшін қыш (күйдірілген кірпіш) пен басқа да қажетті материалдар жергілікті топырақтан даярланған (1-сурет). Үшарал мешіті қабырғасының көлемі 200х130 және 240х130 екі түрлі күйдірілген (ақсақалдар «қышты күйдіруге шеңгел пайдаланылды» деседі) кірпіштен өрілген. Үшарал топырағы сортаң болғандықтан, ылғал мен бүлінуге төтеп беретін кірпіш жасау үшін арнайы уақ мал мен түйе сүті пайдаланылған. Мұны Ә.Дербісәлі де жазады. Міне, осындай қоспасы бар кірпішті шеңгелмен күйдіргенде құрамындағы органикалық заттар мен сүт майы ылғалға төзімділігін арттырады. Сонымен қатар кірпіштің беріктігін арттыру үшін лайға жылқының жалы мен құйрық қылы, ешкінің қылшық жүні қосылған.

Ғимараттың жоспары төртбұрыш­ты, сондай-ақ оларға үш жағынан жапсарлас ашық галерея төртбұрышты ба­ғаналардағы желкендердің көмегімен шығарылған, тоғыз кіші күмбезбен жабылған. Мешіттің төбесі жалпы саны 16 (он алты) күмбезбен көмкерілген. Ғимарат көлденең сегіз координциялық және бойлық төрт координциялық өстен тұрады. Бұл өстерде жиырма сегіз баған орналасқан. Мұндай ғимаратты бағана­лық сәулеттік шешім сол заманның озық архитектурасы еді. Бағаналы пішімді ғимарат сол мешіт құрылысының ұзақ­тығы мен беріктігіне әсер еткен. Бұл бағандардың қималары, яғни ені мен ұзын­дығына ­байланысты 1,2х1,6 м., ­1,3х1,6 м. және 1,3х1,88 м. үш түрлі. Ал ғима­рат бағаналарының биіктігі орта есеппен ­2,4 метрге тең. Ғимараттың оңтүстік-батыс қабырғасы тұтастай кірпішпен қаланған. Оның биіктігі 4 500 метр. Бағаналар арасын қосып, үш дәлізден тұратын мешіт бөлмелері салынған, оның көлемі – 147,36 шаршы метр.

Мешіттің солтүстік-шығыс жағында мешітке кіретін үш есік орналасқан. Бұл есіктердың ені – 1,6 м, биіктігі – 2,1 м-ге тең. Ортаңғы есікке қарама-қарсы мешіттің оңтүстік-батыс жағындағы қабырғасында михраб қуысы бар. Оның ұзындығы – 1,5 м, ал ені 0,62 м-ге тең. Мешіттің сол­түстік-батыс пен оңтүстік-батыс бүйір қа­бырғаларында еденге дейінгі екі-екіден төрт есік тәрізді терезе бар. Осы терезе ойы­ғының өлшемі: ені – 1,5 м, ұзындығы – 2,0 м.

Ғимараттың 28 (жиырма сегіз) бағанасы мешітті он алты шаршыға бөледі. Бұл он алты шаршының үлкені көлденең 3 пен 6 координациялық өспен және бойлық Б мен С координациялық өс арасында болады. Шаршы мешіттің ішкі бөлмесін орталық дәлізді, яғни үлкен күмбездің негізін береді. Күмбез негізінің сыртқы диаметрі шамамен – 10,8 м, ал үлкен күм­бездің ішкі диаметрі шамамен 9,3 м-ге тең. Күмбездің биіктігі шамамен 9,5 м Мешіттегі кішкентай күмбездердің сырт­қы диаметрі шамамен 3-2,9 м, ішкі диа­метрі – 2,4 м. Ал күмбездің биіктігі шамамен 2 м болды. Бұл күмбездер жиын­тығы ғимараттың жабынын өте сауатты жасау­ға себеп болған.

Біз жоғарыдағы көрсеткіштерді негізге ала отырып, қазіргі заманауи құрылыс сызбалары ере­же­сін пайдаланып, ескі мешіттің жос­парын әзірледік (2-сурет). Жоспарды сызудағы мақсат – бірсыпы­ра деректе осы ғимараттың «енін 10,2 м, ал ұзындығын 12,5 м» деп қате көрсеткен. Өкінішке қарай, бұл өлшем шындыққа сәйкес емес. Ғимараттың бас қасбеті жеті аркадан тұрса, ал бүйір қасбеттері үш аркадан тұрады (1-сурет). Бұл – ғимараттың ұзындығы екі еседен астам деген сөз.

Тағы бір жаңсақтық, көп­теген деректе (интер­нет желісінде кезіп жүр) Үш­арал­дағы мешітті Абдулла ишан Саиди (1836–1914) есімімен атайды. Ашық дерек көзінен бұл кісінің Башқұртстанда Саит­баттал қазіреттің отбасын­да дүниеге келгенін, 9 жасында ата-анасынан айырылып, на­ғашы атасының тәрбиесінде өс­кенін, медреседе тәлім алғанын білеміз. Абдулла ишан Саиди ­1853 жылы генерал В.Перов­ский­дің басқаруымен патшалық Ресей­дің Сырдария жорығына қа­тыса­ды. Әскери қызметтен соң білімін Бұхара­да, Хорезмде, Ыстанбұл­да жетілдіреді. Бұхарада медресе ашып, жібек өңдеумен айналысады. Шығыс елдерінің тұрмыс тіршілігі мен мәдение­тін, дін ілімін жетік меңгереді. Араб, парсы тілдерінде өлең жазып, ұстаз және сөзге шешен ділмар ретінде көпшілік­ке танылады. Кейін Башқұрт жеріндегі туған аулында мешіт тұрғызып, 1913 жылы науқастан қайтады. Біздіңше, мәлімет аздығынан жұртшылық осы Абдулланы Үшарал мен Тоғызкент имамы болған Әбіл ишанмен шатастырған. Сондықтан Түркістан өңірінің тарихы сақталған Ташкент архивін мұқият қарауымыз қажет. Өйткені ол кезде мешіт салуға рұқ­сат алу мен оның сәулеттік сызбасы мін­детті түрде бекітіліп тіркелген.

Біз бұл шатастырудың негізін мешіт өлшемінен байқап отырмыз. Қазақ ме­шітіне Башқұрт мешітінің ауданы «кө­шіріле» салған. Шын мәнінде, Үшарал ме­шітінің ауданы марқұм Ә.Дербісәлі кіта­бында жазылғандай, ені – 15 м, ұзын­дығы – 31 м. Біз осы тарихи орынға ниет­теніп барып, оны арнайы өлшеп те көрдік.

Бұдан бөлек, «мешіт ғимараты бұзы­лып, қайта жөнделген» деген дерек те бар. Мешіттің тек қана артқы қабырғасындағы 10-12 шаршы метр аумақ кірпішін бір имансыздар бұзып, алып кеткен. Кейін мешітті қайта жөндеу кезінде алынған кірпіш орны таспен қаланған.

Тағы айтатын жайт, Астана қаласын­дағы «Атамекен – Қазақстан» картасы этно­­мемориалдық кешенінде еліміздің атақ­­ты ескі ескерткіштерінің макеттері тұр. Со­ның арасында Үш­арал мешіті нобайы да бар. Өкі­нішке қарай, оның үлкен күм­бе­зі дұ­рыс жасалмаған. Макеттегі күмбез Түркіс­тандағы Қожа Ахмет Ясауи кесе­несі күм­безінің сәтсіз «көшірмесі» секілді.

Үшарал мешіті – бірнеше саланың зерттеушілері (дінтану, тарих, этнография, архитектура, құрылыс, дизайн, т.б.) үшін тың тақырып. Айталық, тұрғызылғаны­на 100 жыл өтсе де, бұл ғимараттың қабыр­ғаларынан жарылған сызат таппайсыз. Бұл – мешіт іргетасы өте сауатты жасалғанын аңғартады. Екінші, үлкен күмбез ғасырлық түрлі атмосфералық күштерге төтеп беруі – арнайы зерттеуді қажет етеді.

Осы сапа Үшарал мешіті – сәулет өне­рінің биік үлгісі әрі мұсылмандық шы­ғыстағы маңызды рухани ескерткіш еке­нін аңғартады. Олай болса, дәл бұл мұ­раны Талас ауданы, жалпы Жамбыл об­лысы әлемдік туристерге, ғалымдарға мақ­танышпен көрсете алады. Сондықтан да ақыл­ды аға буын сонау кеңес кезе­ңінде, дә­лі­рек айтсақ, 1982 жылы оны респуб­лика­лық маңызы бар тарих және мәдениет ес­керт­кіштері тізіміне енгізуге мұрындық болды.

Ғасырдан астам тарихы бар мешіттің уақыт сынына, әсі­ресе атеизм заманының түрлі бүл­діргіш әрекетіне төтеп беруі – осы өңір жұртшылығының ата дәстүрге адалдығын, имандылықты қастер тұтқа­нын көрсетеді.

Рас, бала кезімізде бұл мешіттің қор­шаусыз, есік-терезесіз, аса күтімсіз күйін көрген едік. Үлкендер жағы діни ғимарат кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қойма, кейін тіпті малқора болғанын өкінішпен айтып отыратын. Мұндай ауыр жағдай кеңестік билік қоластындағы барлық республикада өткен. Сондықтан оның күнәсі – дінсіз өкімет пен күрделі қоғамның мойнында. Біз енді барды ұқсата білуіміз керек.

Осыны ойлаған Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігі Үшарал, Бестам мешіт­терін мәдениет ескерткіші ретінде күту мен зерттеудің жергілікті жобасын жүзе­ге асыруға жұмылып отыр. Әрине, бұл кешенді жұмысқа елеулі мемле­кет­тік қолдау қажет деп санаймыз. Мәселен, осы жақсы бастаманы Ғылым және жоға­ры білім министрлігі, Мәдениет және ақпа­рат министрлігі, облыс әкімдігі жариялайтын ғылыми, мәдени жоба аясында да орындауға болар еді. Сонда Таластағы айрықша мешіттердің тарихы түгенделіп, сәулет-құрылыс сызбасы жасалып, ұрпақ­қа баянды мұра болып қалар еді.

 

Әуез Бәйдібеков,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ профессоры,
техника ғылымдарының докторы