Талды археологиялық паркінде тағы үш сирек кездесетін қорымдар табылды

Археологтар Шет ауданының Талды археологиялық паркіндегі Қаражартас қорымынан тағы үш сирек кездесетін жерлеу орнын тапты. Табылған жәдігерлер арасында тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар да бар. Олар қола дәуіріне жатады.

– Мұнда қола және темір ғасырларының көптеген жерлеу орындары бар. Сондықтан да тарихты зерделеу үшін бұл тамаша орын, – деп есептейді ескерткіштерді қорғау орталығы директорының орынбасары Жанболат Мәжитов.

 

 

Қазір және бұрын табылған жерлеу орындарының көпшілігі тоналып кеткен. Ғалымдардың пікірінше, мұны бұрыңғы заман адамдары жасаған.

– Қорымдар тоналды. Мәйіттер көшіріліп, құнды заттар алынып, тек қола заттар қалды. Біз тапқан балалардың жерлеу орындары ересектерден бөлек және жалпақ тастардан тұрғызылған. Сол кезде қайтыс болған адамның аруағы мұндай тастардан аттап өте алмайды және адамдарды мазаламайды деп сенген. Сондай-ақ, балалардың мәйіттерінің жанында сүт тәрізді сұйықтықтың қалдықтары бар ыдыс-аяқ болды. Табылған заттар сирек кездеседі, – дейді археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин.

Оның айтуынша, қазба жұмыстары жаздың соңына дейін жалғасады және келесі жылы табылған заттар қалпына келтіріледі.

Жұмыста ғалымдарға Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің студенттері көмектеседі.

 

 

– Біз мұнда тәжірибеден өтіп жатырмыз. Мен көптеген ақпарат алып, артефактілерді өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Қола дәуіріндегі қыш ыдыстар, қола пышақтар, сырғалар мен сақиналар табылған. Біз ежелгі адамдардың сүйектеріне назар аудардық және қазіргі заманмен айтарлықтай айырмашылықты байқадық. Қолдар мен аяқтардың сүйектері ұзын және қалың.

Олардың тістері таң қалдырды. Олар толығымен сүтті және еш қанқұртсыз таза болды. Бірақ ол кезде тіс пасталары да, щеткалар да болған жоқ. Бұл ретте адамдар гигиенаны қалай сақтаған деген сұрақ туындайды. Бір сөзбен айтқанда, біздің қазіргі жұмысымыз бізге өте ұнайды, – деп бөлісті ҚарУ тарих факультетінің студенті Бекарыс Тілегенов.

Болашақта Талды археологиялық паркінде туристер үшін ірі тарихи-мәдени орталық ашылады. Тас пирамидаларды, қорғандарды және басқа да үлкен және кіші қорымдарды қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем тарихының әуесқойлары да көре алады.

 

 

Жомарт Шаймұрат