Талғам
«Талғамда талас жоқ» дегенді бұрын жиі айтатынбыз. Әуелде бар сөз толығады, мазмұны артады. Тіпті, біреу келісті киім кисе де «талғамы жақсы» деп, еріксіз мойын бұрып, көңіл аударып жатамыз. Сырттай болса да мойындап, қошеметтейміз.
Құдайға шүкір, қазір түрлі талғамға, түрлі қалтаға шақталған киім-кешек жетіп- артылады. Сондықтан олардың бағасынан гөрі қадірі, сәні, сапасы, қолайы, тиімділігі жөнінде әңгіме қозғау маңызды.
Бұл ретте ұлттық киімге аса мән берген жөн. Өйткені әрбір халықтың, ұлттың киім үлгісі мен мәнері олар мекендеген жерге, табиғатқа, ауа райына сәйкес болып келеді. Сонымен бірге ол қоғамда алатын орнын, әлеуметтік жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Тіпті болмысын, мінез-құлқын танытады.
Жалпы, барша этностың ұлттық киімін құрметтеу – үлкен мәдениеттілік белгісі. Мұны әлімсақтан сіңірген қазақ халқының да сан ғасырдан қалыптасқан киім кию мәдениеті бар. Оның жазылмаған ережесі, тұжырымдамасы – ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениет көшінен қалып қоймау. Ұлы дала дарытқан қадір-қасиетті лайықты көрсете білу. Пішінде де, мазмұнда да асып кетпеу, жөнсіздікке жол бермеу. Бояушы кебін киіп, әсіре дарақыланбау.
Алайда, сондай талап, сол талғам үзіліссіз жалғасып келеді дей алмаймыз. Қазіргі киім кию мен киім тігуді бірыңғай қоштап-қолдаудан гөрі, оған сыни тұрғыдан қараған жөн шығар. Соңғы кездегі қоғамдық пікір де осы ұстанымда (БАҚ, әлеуметтік желіде жиі айтылады).
Мәселен, бүгінде жасқа, жынысқа қарай киім киюі дәстүрі бұзыла бастады. Өз салтымызбен санаспай, өзгенің қаңсығын таңсық көру, құрғақ еліктеу жүріп жатыр. Мұндай құбылыс қоғамның тұрмыстық танымын да, адами түсінігін де жат арнаға бұратынын көріп жүрміз.
Топырағы, тек-тамыры күдікті мәдениеттің ықпалына, озбырлығына төтеп берсек, ұл- қыздарымыз жыртылған, тоз-тозы шыққан шалбарды бұтына жабыстырмас еді. Шашын кемпірқосақ түсіне боямай, зейнеттегі кемпірлер Жезтырнақ, Жалмауыз кейпінде тыртимай, бозармай, тарғылданбай жүрер еді. Ұсқынсыз, қалыңдығы бес елі опа-далаптан бас тартар еді.
Қасиетті дініміз әйел киімін киген ер кісіні, ер кісінің киімін киген әйелді әуелден құптамағаны бекер емес. Ұлт дәстүрі де ыңғайлы, қолайлы киім киюді қолдайды. Қазіргі өркениетті ұстаным да ұлттық қалыпты, орнықты үлгіні – озық мәдениеттің бір белгісі ретінде мойындайды.
Ең басты өлшем – ТАЛҒАМДА. Аталарымыз «ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деп жайдан- жай айтпаған. Бірақ шүберекке, яғни түрге де, түске де, тәнге де лайықты сән, орнықты ұстаным қажет. Ондай қасиетті игеру отбасыдан, бала кездегі тәрбиеден, мектептен бастау алуға тиіс. Сайып келгенде, талғамына қарап кісіні танимыз.
Иә, өзгерген әлемде біз де бір қалыпта тұра алмаймыз. Жаңа білім, технология, жаңалығы мол ғылым дамып келеді.
Қазақтың бас-аяғына кигені де, иығына ілгені де, беліне буғаны да заманға сай өзгеріп, түрленуі – түсінікті үдеріс. Әрине, мұнда бармағынан бал тамған шеберлердің, ісмерлердің, тігінші-модельерлердің, арнайы мамандардың еңбегі ауадай қажет. Осы саладағы әлемдік байқауларда жеңімпаз атанғандардың айтарлықтай
жетістігі жоқ та емес.
Алайда олардың ізденісі неге күнделікті киетін ұлттық киімге қарай бұрылмайды? Ел-жұрт бірегейлігін паш етіп жүрген замандас қатары неге көбеймей жатыр?
Мысалы, көшеде, қоғамдық орында, мереке-думанда ақ жаулықты, кимешекті әйел заты азайып барады. Белдемше, кәзекей, сатипа, қамзол, кеудеше, кестелі көйлек киген аналар мен келіншектер, қатаң стильді (ою-өрнегі баттаспаған) шапан мен келісті бөрік киген ақсақалдар қайда?
Басында қазақы қалпағы, иығында қонымды тоны, ішігі, шапаны, шекпені, күпісі, күртесі бар, саптама етігі, көксауыры ерекшелеп тұратын ерлерді көрсек, марқайып қалатынымыз қалай? Ондай сәттегі қуаныш сезімін жасырып қалу да мүмкін емес.
Әрине, жақсы киіну – әуелі талғамға, сонан соң дағдыға айналуға тиіс. Оның үстіне әдемі, таза әрі ұқыпты, қарапайым киінуді дініміз де қолдайды. Киімді таңдап кигенде оның түр-түсіне аса мән беруді дәріптейді.
Өйткені, олардың қандай материалдан тігілгені, жасалғаны бірден көзге түседі. Бояуы мен түсі үйлескен, арнайы жіппен кестеленіп, асқан шеберлікпен тігілген сәнді сырт киім кез келген адамның ажарын аша түседі, тұлғалық қасиетін танытып тұрады.
Соңғы жылдары өнер мен мәдениет саласында бұл іске ерекше мән бере бастағаны қуантады. Десек те, оларды насихат құралдарында – жазғы, күзгі, қысқы маусымдық киім пішінінде кинода, теледидарда көрсету жағы сын көтермейді. Яғни бағзыдан сақталған мұра – ұлттық киім-кешек мәдениетін ғылым тұрғысынан зерттеу, тәжірибеде біріздендіру, жеңіл өнеркәсіпте, тігін өндірісінде, технологияда жолға қою күн тәртібінде тұр.
Ұлттық киімдердің жаңа үлгілеріне байқау жариялап отыруға, жеңімпаздарды ынталандыру арқылы Қазақстан брендін әлемдік деңгейге шығаруға ден қойсақ, көп жетістікке жете аламыз.
Кезінде ұлт тарихы мен этнографиясының білгірі, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің «Қазақ киімі» атты зерттеу кітабы талай жаңалықтың жаршысы болған еді. Содан бері ондай арнайы басылым қайта жарық көрмеді. Осы тұрғыда аталған саладағы ғалымдарымыз бен мамандарымыз жаңа, заманауи ізденістерін қоғамға ұсынып, неге бөліспейді?
Әрине, қазір замандастардың биік талғамын дөп басу оңай шаруа емес. Осы күні қазақ киім үлгілерін интеллектуалдық құқық заңдылығын белден басқан Түркия, Қытай, Корей кәсіпкерлері өндіріп жатқаны жасырын емес. Оның сапасына талап қоя алмаймыз. Өйткені осы саланы реттейтін авторлық құқық туралы заңдарымызды да жетілдіру қажет.
Сондықтан жүйелі жұмыс жүргізуге салалық министрлік тарапынан да, отандық кәсіпкерлер ықтиярынан да орасан зор дайындық, ғылыми- практикалық талдаулар керек. Сонда ғана халқымыздың бай мәдениетін, оның ішіндегі ұлттық киім үлгілерін қазақ ұлтының талғамы ретінде әлемге танытуға мүмкіндік туады.
Дархан МЫҢБАЙ,
мемлекет және қоғам қайраткері.