«ТАЛҒАРҒА КЕТІП ҚИНАДЫҢ-АУ!..»
Бүгіндері құрылғанына елу жылдан асқан «Дос–Мұқасан» ансамбльінің дүбірі Алматыдан асып, тіптен Мәскеудегі өнерпаздардың да «мысын басып», шетелдерге де танымал болып, дүркіреп тұрған кезі. Осы ансамбльдің әншілерінің орындауындағы «Жаным-ау» әні жастардың «қышыған жерін» дөп қасып, той-томалақтарда да, ойын-сауықтарда да жиі айтылатын.
Жапанға жалғыз симадым-ау,
Жанымда жүрсең болмай ма?
Жан ерке жанды қинадың-ау,
Жадырай күлсең болмай ма?
Жаным-ау, жаным-ау,
Жас жүрек жатыр жанып-ау… — деп келетін ән шумақтары жадымызда күні бүгінге дейін жаттаулы.
Айтып-айтпай не керек, «Жаным-ауды» жатып та, тұрып та, отырып та, ат үстінде жүріп те, үйде де, түзде де айта жүретінбіз. Қанша дегенмен, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының жігіттері неғұрлым жігерлілеу еді ғой…
Көктеубай досымыз қазіргі бәйбішесі Сараны бензавозбен алып қашып алғаннан кейін жас жұбайлардың жалындаған ыстық-суығы басылды ма, басылмады ма, оны өздері біледі. Қысқасы, бухгалтер Сара (шын аты — Алтынсара) Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумындағы оқуына қысқы сессиясын тапсыруға кетпей ме?
Ол кезде мен қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистік факультетінде оқып жүрген кезім. Сол бір тұста, қыста сағындырған ауылым Сарыжазға демалысқа барған болатынмын. «Құрдастың құны бір» демекші, қалыптасқан әдет бойынша, топ етіп ауылға түсе қалған күннің ертеңінде-ақ Көктеубай мен Сараны іздеп үйлеріне барғанмын. Есіктен кірер-кірместен жатып Көктештен:
— Сара қайда кеткен? — деп сұрадым.
— Талғардағы оқуына кетіп еді… — деді ол желкесін қасып.
— Алда, Құдай-ай, ә, өздерің бір кеңседе, бір бөлмеде, бір-біріңе қарама-қарсы отырып әрең табысқанда қиын болған екен ғой… Сараңды сағынған боларсың? — деп сұрадым қыршаңқы тілмен әдейі шымшып алып.
— Сағынбағанда ше, сендер ғой дейсіңдер ме, Қуаныш екеуің отызға келгенше қу тізелеріңді құшақтап жүре беретін, — деп ол да әзілімен қыршып алды.
«Әп, бәрекелді, бәлекет, есеп — бірде–ноль!» — деп іштей мың ойланып, жүз толғанып, «сені бір қатырмасам» деген оймен ақыры үнемі өзім айтып жүретін «Дос–Мұқасан» ансамбльінің «Жаным-ау» деген әнінің нобайымен Көктеубай құрдасыма араналған «Сарам-ау» деген пародия «әнінің» мәтінін құрастырған едім:
Сарыжазға жалғыз симадым-ау,
Жанымда жүрсең болмай ма?
Талғарға кетіп қинадың-ау,
Көктеубай жарың тоңбай ма?
Сарам-ау, Сарам-ау,
Артыңнан іздеп барам-ау…
Осы «Жаным-аудың» әуеніне салып шырқағанда жанданып кететін «Сарам-ау» әзіл «әнінің» өзгеше мәтінін сол кездегі колхоз комсомол ұйымының хатшысы болған талантты әнші досымыз Жөкен Қалғожаев жаттап алып, жарияға жар салып, той-томалақтарда асаба болғанда гитара мен баянға қосыла айтқанда естіген жұрт еріксіз езу тартатын…
Одан бері де жарты ғасырдай уақыт өтіпті-ау!.. Ақ көңіл бала сынды, әзілдері жарасымды қайран достардың біразы өмірден ерте қайтты. Хром етік киіп, қыдырып жүретін кешегі сүр бойдақ Көктеубайдың өзі жетпістің желкесіне шығып, бүгіндері ауыл ақсақалдарының төрағасы атанған. Сара екеуінің қосылғанына жарты ғасыр болғанына арнап алтын той, жиен немерелерін қосқанда тоғыз немересінің ішіндегі еркесі де серкесі — Ерсұлтанның бес жасқа толғанын желеу етіп, сүндет тойын қосып жасауға ниет білдіріп отыр. Лайым, Құдайым ізгі ниеттен, жарасымды әзіл-қалжыңнан айырмасын!..
Нұртан ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі