Тәлімі жоқ ток-шоулар кімге керек?

Ұлтты тәрбиелеудің бір құралы – телеарна. Әрине, қазір телеарна интернетпен текетіресе алатын жағдайда емес. Алайда, отбасы мүшелері түгел теледидарға телміретін уақытта отандық арналарды қоса қалсаң, эфирдегі шоулардан шошисың. Етектен төмен, ессіз әңгімелер рухыңды есеңгіретіп тастайды. Мұндай дарақылыққа наразылық білдірсең «Заман көші осыған әкеліп тұр, сұранысқа – ұсыныс» деген уәж айтады.

Астарына үңілсек, бұл уәждің логикалық себебі де бар. Қазір отбасындағы кикілжіңді, ұзақ уақытқа созылып келе жатқан күрмеулі мәселелерді құзырлы органдар арқылы емес, телеарана табалдырығын тоздыра жүріп шешетіндердің қарасы қалың. Оны эфирлерді қаптаған әлеуметтік ток-шоулардан байқау қиын емес. Бірақ, сол эфирлерде отбасындағы құпияның бәрін елдің алдында ақтарып отырған кейіпкерлердің әрекеті адами мораль мен ұлттық тәрбие қағидаларына қаншалықты сай? Мұндай масқараға жол беріп отырған телеарна продюсерлерінің діттегені не? Бұған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ертең көзі қарақты көрерменнің назарына жеке өміріндегі дүниенің бүге- шігесіне дейін жайып салған кейіпкердің балалары өспей ме? Қоғамға араласып, азамат болмай ма? Сол кейіпкер өз әрекеттерімен тек өзінің ғана емес, ұрпағының жолын кесіп отырғанын түсінбей ме? Бұл отандық арналардағы кейбір әлеуметтік ток-шоуларға қатысты айтылып отырған күрмеулі жайт. Олардың қатарында «Қыздар-ай», «Qos Like», «Бір болайық» сынды бағдарламалар бар.

Шын мәнінде әу баста әлеуметтік сипат алған ток- шоулардың мақсаты оң еді. Қазақ телевизиясында бұл сүрлеуді белгілі журналист, қазақтың арда туған азаматы, марқұм Бейсен Құранбек қалыптастырған болатын. Қазіргі ток-шоулардағы дарақылық пен тәрбиеге қайшы дүниелер туралы әрі көптің көңілінен шыққан «Қарекет», «Айтуға оңай» сынды ток-шоулардың жетістік сыры жайлы Бейсен Құранбектің ізбасар інісі, белгілі жазушы, журналист Есболат Айдабосын баяндап берді.

– Жалпы, Қазақстандағы телевизия саласында теле бағдарлама арқылы бір адамның немесе басқа да қоғамдық мәселелерді шешуге болатынын көрсеткен, дәлелдеген, іске асырған жоба – «Қарекет».

Бейсен ағамыз алғашқы кезде «Айтуға оңай» деген атаумен бастады. Содан «айтып қана қоймай, мәселелерді шешуге атсалысайық» деген ұстанымда болды.

Осылайша – «Қарекет» атты жобаны эфирге алып келді. «Телевизияның мақсаты – мәселені көрсету, айту, қоғамдық талқыға шығару, ал оны шешу соттың немесе өзге мекемелердің құзыретіндегі дүние. Телевизия бұған араласпауы керек» деген пікірлер сол кезде көп айтылды. Бірақ, «Қарекет» жобасы оның бәріне төтеп берді. Халыққа көп септігі тигендіктен, жоба өміршең болды деп ойлаймын. Қазір, байқасақ, телеарналардың көбінде мәселе шешумен айналысатын ток-шоу жанрындағы жобалар көбейді. Бұл «Қарекеттің» бастаған жолының дұрыс болғанын көрсетеді. Әкімдікке, басқа органдарға иек артпай-ақ эфир арқылы жекелеген кәсіпкерлерді немесе халықты жұмылдырып бір адамның мәселесін шешуге болатынын телеарна басшылары түсінгендіктен, әр арнада осындай ток-шоулар саны артты. Жекелеген блогерлер де осы бағытқа бет бұрды. Тіпті мұндай істермен айналысатындар көбейіп кетті. Бейсен аға «Қарекеттің» позициясы рейтинг емес, пайда» деп жиі айтатын. «Халыққа пайдалы ма? Бір адамға пайдалы ма? Демек, осы жобаны іске асыруға тиіссің. Рейтинг өзі келеді» дейтін. Сондықтан, «Қарекет» ұжымы рейтинг қуған жоқ. Пайданы ойлайтын. Яғни, бас пайда емес, халықтың пайдасын ойлады. Қазір отбасылық кикілжіңді ашықтан-ашық ортаға салып, айтуға ұят дүниелерді «халықтың сұранысы осы» деген желеумен эфирге шығарып жатыр. Бірақ, бұл нәрсе халықты тобырға айналдыратынын түсінбейді. Түсінсе де мақсатты түрде жасап жатқандар бар. Мемлекеттік мекемелер жекеменшік арналардың саясатына араласа алмаса да, басшылығы тарапынан шектеу қойып, тәртіпке келтірмесе жағдай қиындайды. Кейбір арналардағы әлеуметтік ток-шоулардың пайдасынан гөрі зияны басым болып бара жатқаны жасырын емес, – дейді қаламгер.

Рас, «Айтуға оңай» мен «Қарекет» ток-шоуларының қазақ телевизиясында өзіндік сүрлеуі бар. Бірақ, қазіргі телеөнімдердің дені сол сүрлеумен жүре алмай жатқаны өкінішті. Әсіресе, ауылдық жерлерде елге даналық айтатын қариялардың «Қослайқ көрдіңдер ме?» деп сондағы жаға-жыртыстарды әңгіме қылып отырғанын көргенде ток-шоулардың тіпті ересек адамның санасын жаулап жатқанына қайран қаласың.

Көрерменге әлеуметтік ток-шоу ұсынумен айналысатын продюсерлердің айтуынша, бастарына қара бұлт үйірілген отбасылар барар жер, басар тауы болмағандықтан телеарна табалдырығын тоздырудан басқа амал таппайды-мыс. Құзырлы органдар тұрмыстық кикілжіңдерді реттеуге құлықсыз келеді. Жылдар бойы кеудесіне жиналған шерді дүйім елдің алдына шығарып, бастарына сауға сұрап, халықтан демеу күтеді.

– Адамның телеарнаға келіп, отбасындағы тыныс-тіршілікті әшкере етіп, жалпы қазаққа, шартарапқа жар салуы – еріккеннен болып жатқан жоқ. Бұл адамның үміті үзілуге айналғанда баратын әрекеті болуы мүмкін. Мысалы, басына іс түскен соң полиция, прокуратура, сот есігін қағады. Өзінікі дұрыс, қарсы тараптың әрекеті бұрыс болғанымен, екінші тарап жеңіп кеткен болуы мүмкін. Қос тарап бір-бірімен ерегесіп, ессіз қадамдарға баруға мәжбүр.

Қазір ақпарат заманы. Соттан, прокуратурадан қажет деңгейде қолдау мен қайыр болмағандықтан адамдар отбасындағы кикілжіңді шеңберден шығарып жібереді. Көмек пен қолдауды көпшіліктен күтеді. Әйтпесе өзіне қатысы жоқ, басқа жерде болып жатқан мәселені журналистер өздері іздеп жүріп ортаға салмайды. Отбасы мүшелері өздері келіп өтініш айтады. Ешбір журналист мұндайды өз бастамасымен зерттемейді. Қоғамда шу болып көтерілген, резонанс тудырған мәселеге ғана назар аударылатыны жасырын емес. Басқалардың мәселесі реттеліп, сұрақтарына жауап табылып жатқанын көрген адам «Телеарнаға барсам менің де жағдайым дұрысталады» деген ойда болады. Шын мәнінде мәселе телеарнаға келіп, елдің алдына жария еткенде шешіліп кетпейді. Ток-шоуда талқыға салу жағдайдың реттелуіне тек себеп қана. Студияға заң саласының өкілдері шақырылады. Зардап шегуші тарапқа психологтар тегін көмек көрсетеді. Ішкі істер органдарының өкілдері істі бақылауларына алуға уәде береді. Содан кейін ғана жағдай түзеле бастайды. Адамдар сол үшін келеді. Шу шығару, абырой арттыру үшін келмейді, – дейді белгілі продюсер Жангелді Таңатбекұлы.

Десек те, қарапайым адамдардың қатал тағдырының арқасында телеарналардың рейтинг көтеруге мүдделі екенін жасыра алмаймыз. Сорақысы, шетелдік шоулардың баламалары отандық телеарналарда үш сағаттап көрсетіледі. Сондағысы өздеріне өмірлік жар іздеген бойдақтар мен оң жақта отырған қыздардың жаға-жыртысы ғана. Онда айтылып жатқан ғайбат сөз, дарақы істер кімге үлгі? Оны жалпақ жұртқа жария көрсетуде қандай мақсат бар? Бұл жағы түсініксіз. Ойын – арзан, күлкі – қымбат деген осы шығар. Әйтпесе мәнді, мазмұнды дүниемен-ақ қалың көрерменнің талғамын биіктеткен, сұранысқа ие болған ток-шоулар мен бағдарламаларда есеп жоқ. Ал, қазіргі отандық телевизиядағы орнаған аухалға қарасаң ұлтты топастандырудың астыртын саясаты жүріп жатқандай күй кешесің.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ