«TALQYLAY»-да тек талқыланбайды, шешімі қарастыралады
Республикада «Amanat» партиясының жанынан «TALQYLAY» қоғамдық диалог алаңы құрылғаны белгілі. Көптің көкейіндегі көкейкесті мәселелерді талқыға салып, шешімін табуды көздейтін әлеуметтік жобаны өңірлер арасында Жамбыл облысы ең бірінші болып қолға алып отыр.
«TALQYLAY»-да талқыланған алғашқы тақырып «Жастар және жұмыссыздық» мәселесі болды. Ашық алаңда ашық әңгімеге шақырылған спикерлер – «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан түйткілді әлеуметтік мәселе төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті.
Дауыл Ынтықбайұлы партия жанынан ашылған қоғамдық мәселелер талқыға түсетін ашық диалог алаңының мән-маңызына тоқталды. Ал Дулати университетінің ректоры жұмыссыз жастар арасында дипломы бар мамандар да кездесетінін ашып айтып, еңбекпен қамту мәселесінде – еңбек нарығындағы сұранысты ескеру аса маңызды екенін жеткізді. Сондықтан жастарға берілетін керекті кеңестің бірі – мамандық таңдауға неге баса мән берілуі қажет, қай салада бәсекелік қабілетіңді көрсетуге мүмкіндік көптігін түсіндіру.
– Қазір білімге деген сұраныс басқаша. Бүгінде жастар бір ғана дипломмен шектеліп қалғысы келмейді. Қазіргі кезең – өмір бойы білім алу қағидасының керек кезі. Уақыттың ағымын дәл болжай білетін жандар еңбек нарығындағы сұранысты жыл сайын саралап көріп, соған қарай екінші және үшінші мамандықты игеріп, бәсекелік қабілетін арттыруға ұмтылуда. ХХІ ғасыр – өңірде жоғары білім алып, сол өлкеде қызмет етуің керек деген ұстанымға бағынбайды. Жаңа заманның қағидаты – қай жерге сұраныс бар, сонда еңбек ет, — деді Талғат Ілиясұлы.
Үш блокта өткен ашық алаңдағы әңгіме барысында сұрақ-жауапқа кезек беріліп, азаматтар тақырыпқа орай өз пікір-ұсыныстарын жеткізді.