Тамақ қауіпсіздігі сақталған ба?
Соңғы уақытта қоғамдық тамақтану орындарында ғана емес, мерзімі өтіп кеткен, жарамсыз азық-түлікті тұтынудың салдарынан жаппай улану жағдайлары жиі тіркелетін болды. Бұл азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретіндіктен, көпшілік арасында едәуір наразылық туғызатыны түсінікті. Осындай жайттардан кейін тұрғындар тарапынан «Біздің елде тамақ қауіпсіздігі сақталған ба?» дейтін сұрақ туындайтыны заңдылық.
Жалпы тамақ қауіпсіздігі бүкіл әлемде ХАССП жүйесі арқылы бақылауға алынады. Тамақ өнеркәсібіндегі қауіп-қатерді талдау ретінде сипатталған ХАССП «қауіпті талдау және сыни бақылау нүктелері» деп аталады.
ХАССП – химиялық, микробиологиялық және физикалық қауіп-қатерлерден тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, бүкіл әлемде қабылданған тамақ қауіпсіздігі стандарты. Негізгі мақсат – адам денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін элементтерді жою бойынша шаралар қабылдау.
Қабылданған шараларды қарау кезінде тамақ тізбегіндегі барлық кезеңдер ескеріледі. Ол – дайындау, өндіру, тасымалдау, сақтау, буып-түю, сақтау және жөнелту сатылары. Жалпы гигиена ережелерін сақтау әр кезеңде өте маңызды.
Жүйенің артықшылықтары мынада: ол өнімдер мен әзірленген тағамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар жалпы саланың салауатты дамуына ықпал етеді. Персонал барлық санитариялық-гигиеналық нормалар мен шарттарды ұстанатын кезде тағамдардың дайындалуына мән береді. Әр адамның тұтынылатын тағамға деген сенімі олардың осы мекемеге деген толық сенімін анықтайды. Бұл оның рейтингін арттырады. Кәсіпорынның қызметі заңнама талаптарына қайшы келмейді.
Қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындарға осы жүйені енгізу қажет. Олар – кафелер, мейрамханалар, пиццериялар, суши-барлар, тұшпараханалар, дәмханалар, фаст-фуд орындары, асханалар, тамақ өнімдерін өндіруде және тамақ өнімдерін сатумен, сақтаумен, өңдеумен және тасымалдаумен айналысатын компаниялары.
Салтанат АХМЕТОВА,
Алматы қаласы, Бостандық ауданының санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы.