Тәмсіл

Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев
АБАЙ МЕН ҚИЯСБАЙ
Абайдың жасы ұлғайған шағында атын ерттейтін, төсегін салатын, тартылған табақтағы етін турайтын атқосшы қызметкер серігі болған Қиясбай жайында Шыңғыстау атырабында тараған хикая қыруар дүние. Солардың бір-екеуін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
1. Көп тапқырлықтың бірі
Жидебайдағы қыстауға қыстың күні бір топ қонақ кеп, Абай үйіне түседі. Бұлар ақынның аса бір сыйлайтын кісілері екен. Кешкіде жаңа сойылған тайдың еті мен қысырдың қымызына бөгіп көйлекшең-дамбалшаң әңгіме-дүкен құрып отырған қонақтардың үстіне сырттан Қиясбай кіріп келеді де:
– Абай ағамда тығыз бір сөзім бар еді, тысқа шыға тұрыңыздаршы, – деп басқаларға байқатпай ақынға көзін қысып қалады. Қиясбайдың тағы да бір қызық көрсетейін деп тұрғанын сезген Абай:
– Иә, кішкене шыға тұрсаңыздар,– депті. Саптамаларын аяқтарына сұға-сұға, көйлекшең қонақтар апыл-ғұпыл қораға шығып кетіседі. Мейманхана бөлмесінде Абай мен Қиясбай екеуі оңаша қалады.
– Ол не сөз, Қиясжан?! – деп сұрайды ақын.
– Өздері бір мазасыз қонақтар екен. Міне, екі күн бойы «біздің аттар су ішті ме, жем жеді ме?» – деп қайта-қайта сұрап, тыншымды ала берді… Өздерін бір қатырайын дегенім ғой осылай аязды кеште қораға шығарып, – дейді Қиясбай.
– Мына тапқырлығыңа бір қой берейін, көрші ауылдағы шешеңе жеткізіп сал, – депті Абай.
– Тәйірі, Абай ағам өңгертіп жібереді дейсің бе, айдатып жібереді де! – депті Қиясбай.
Жалғыз қойды айдау мүмкін бе, содан да Абай:
– Он қой, он қой! – деген көрінеді.
2. «Балаларға ұрса берме…»
Абай балаларына кейде: «Оқуға елгезек емессіңдер, еріншексіңдер» деп кейде ұрсып қояды екен. Бір күні қызы Гүлбаданға: «Сабағыңа ұқыпты емессің!» – деп кейігенін естіген Қиясбай, насыбай үгіп отырып:
– Абай аға, осы сен жеті жұрттың тілін біледі дейді, осы шын ба? – деп сұрапты.
– Иә, рас! – депті ақын ағасы.
– Жеті жұрттың тілін білетінің рас болса, мен бір жазу жазайын, соны айырып берші,– депті Қиясбай.
– Ал жаза ғой…
Қарындашты қолға алған Қиясбай ақ қағазға ирек сызық салыпты.
– Мынау не?!. – Абай аударып-төңкеріп қарап-қарап не екенін айыра алмаған соң: – Мен мынаның сырын біле алмадым, өзің айтшы! – депті.
– Бұл найзағайдың ізі емес пе? – депті Қиясбай.
Абай қызметшісінің арқасынан қағыпты.
Әлімбаев М. – Өмір. Өнер. Өнерпаз: Эссе, естеліктер, ой-толғамдар. – Алматы: Өнер, 1990. – 6-8 б.б.
Суретте: қылқалам шебері Евг.Сидоркинның «Абай жолы» романы бойынша кескіндеген графикалық туындыларының бірі.