ТАҢҚУРАЙДАН ТҮСЕТІН ТАБЫС КӨП

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында халықтың әл-ауқатын жақсартуға үнемі басымдық беріп келеді. Бұл ретте халық мемлекеттен атаулы көмек, несие алып қана қоймай, өз жағдайларын өздері жасауға да үйренгендері жөн.
Міне, мұны жете сезінгендер арасында біздің ардагерлеріміздің бой көрсетуі көңілге қуаныш ұялатады. Өмірлік тәжірибесі мол, бүгінде зейнетте отырған қарияларымыз өздерінің тиянақты істерімен жастарға үлгі көрсетіп отырса бұған қалайша қуанбайсың. Сондай азаматтар қатарына аудан орталығы Сарыкемер ауылында тұратын 71 жастағы зейнеткер, ауданның Құрметті ардагері Нұртаза Аманғозиевті жатқызуға болады.
Нұрекең жастайынан еңбекке құштар болып өскен жан. Кешегі Кеңестер Одағы кезінде колхоздың жыл он екі ай бойы кезектесіп келіп жататын науқанды жұмыстарынан шет қалған емес. Кейінірек су барлау экспедициясында еңбек етіп, зейнетке шықты. Зейнетке шыққаннан бастап қарап отырмай үй іргесіне жеміс ағаштарын, көкөніс егіп, өсіруді қолға алды. Одан өз отбасына, бөлек тұратын балаларына жеткілікті мөлшерде өнім алып отырған. Келе-келе үй маңындағы бақшасын кеңейтіп, одан табыс табуды қолға алған Нұртаза аға қақпа алдында бізді күтіп алды.
— Біз кейінгі 10 жылға жуық уақыттан бері үй маңындағы егістікті кеңейтіп оған қатты мән бере бастадық. Бұрынғыдай бұл жерден жиналған өнімді қанағат тұтпай, енді табыс табу жағын ойластырдық. Негізгі кәсіп ретінде 2 соттық жерге «Полька» сортты таңқурай (малина) егіп, оның өнімін сатуды қолға алдық. Таңқурайға дұрыс күтім болса ол қар түскенше өнім береді. Одан басқа бақшада 15-20 түп жүзім, 10 түп әртүрлі жеміс ағаштары бар.
— Таңқурайымызға сұраныс көп. Тіпті алдын ала хабарласып, жазылып қоятындар да бар. Сондықтан да ерте көктемнен бастап бақшадан шықпаймыз. Таңқурай толық піскенде жолдасым Бибінұр екеуіміз тыным таппаймыз. Қажет кезінде балаларым мен немерелерімде жанымнан табылады. Олар арам шөптерді отау, жеміс түптерін қопсыту тәрізді жұмыстарға да қатысады,-дейді еңбекқор ағамыз.

Көркем Асқар