Танылған әрі танылмаған Таласбек
Үнді пәлсапасында «Сен өмірге жылап келдің, ал сені бәрі күліп қарсы алды. Енді өмірден күліп кетіп, барша әлем сенен айырылғанына қайғырып жыласын» деген қағида бар екен. Қазасы қазақтың қабырғасын қайыстырған арда азаматтар емес. Соның бірі тайға салған таңбадай мұрасы қалған Таласбек Әсемқұлов десек қателеспейміз. Тек Алланың қалауымен арамыздан алпысқа жетпей дүниеден озып кеткені өзегімізді өртейтіні бар.
Өзі кетсе де, артына өлмейтін із қалдырған Таласбекті әлі танып үлгерген жоқпыз дейді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. Жуырда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, аудармашы, күйші, кинодраматург Таласбек Әсемқұловтың шығармалар жинағының алғашқы бестомдығының таныстырылымында сөз сөйлеген М.Жолдасбеков біраз шер тарқатты. «Адам өмірінде кейде ерекше бір құбылыстар кездеседі. Менің тағдырымда орны ерекше саналатын сондай екі тұлға бар. Біреуі – марқұм Ақселеу Сейдімбеков те, ал екіншісі – осы Таласбек Әсемқұлов болатын. Ол маған бір нәрсе айтқысы келетін, бірақ оның осылай дүниеден ерте озарын кім білген?!»,-дейді ол. Расында, бір ғана М.Жолдасбековтің ғана емес, бүкіл қазақтың өмірінде ерекше құбылыс болып қалатын ғаламат жан десек артық айтпаған болар едік. Кітапханаға жиналған көпшілік Таласбектей тарланды бір сәтке үнсіз еске алып, «Қазақстан» Ұлттық арнасының мұрағатында сақталған автор жайындағы бейнебаянға зейін қойды. Байқағанымыздай, Әсемқұлов әлеміне қанша бойласақ та біз біле бермейтін талант иесінің қырлары көп екен. Жары Зира Наурызбаева қатысқан бестомдықтың тұсаукесер рәсімінде лента қиюшылар қатарынан қоғам қайраткері, ғалымдар Мырзакелді Кемел, Тұрсын Жұртбай, Тұрлыбек Мәмесейіт және Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаевалар төбе көрсетті. Бәлкім бір ғасырда немесе мыңжылдықта бір туатын дарын иесі жайында шараны жүргізген жазушы Дидар Амантай кеңінен тоқталды. 1980 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагокика институтынан филолог-маман болып түлеп ұшқан Таласбек даңғыл жолындағы мансабын Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар музейінің ғылыми қызметкер болудан бастайды. Одан кейін Республикалық «Жазушы» баспасында әдеби редактор, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі, Республикалық «Жұлдыз» әдеби журналының сын бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған қаламгер өмірінің соңғы жылдарында кинодраматургия саласына мықтап ден қояды. Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсыновпен шығармашылық байланыста болып, қазақтың қос мықтысы Біржан сал мен Құнанбайға көркем фильмнен ескерткіш орнатты. Қазақ баспасөзінде көп талқыланған «Біржан сал» фильмінен кейін Таласбек пен Досқанның достығынан тағы бір құнды дүние күткеніміз рас. Оған да көп күттірмей ұлт болып, жұрт болып қол жеткізген едік, бірақ, «Құнанбайдың» премьерасында сценарий авторының орны ойсырап тұрды.
Бір айта кететіні, Таласбек Әсемқұлов сценарий жазумен студент кезінен айналысқан. Қысқа деп айтуға келмес, бірақ, ұзақ та жасамаған ерекше дарын иесінің арамыздан кеткеніне аттай екі жыл болыпты. «Қазақ энциклопедиясы» баспасы Таласбек еңбектерінен құралған он томдықтың алғашқы бес томын оқырманға тарту етсе, келесі жылдың күзінде жоспардағы екінші бестомдықтың қолымызға тиіп қаларына уәде етіп отыр. Рухани байлығымды кеңейтемін деген оқырмандарымызға сиясы кеппеген алғашқы бестомдыққа автордың прозалық шығармалары, әдебиет және өнер турасындағы мақалалары, мәдениеттану саласындағы зерттеулері, кинодраматургиядағы еңбектері енгенін еске саламыз.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ