Танымал музыкант Ғалымжан Молданазар астаналықтарға үндеу жасады
Қазақстандық танымал әнші әрі музыкант Moldanazar тобының солисі Ғалымжан Молданазарға елорда әуежайында көшет сыйға берілді. Әнші бұл ағашты Алматы ауданының «Мыңжылдық» аллеясына отырғызды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ғалымжан Молданазар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, игілігі мол мұндай бастамаларды қолдау біздің және балаларымыздың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасайтынын атап өтті.
«Өзім Астанаға концерттік бағдарламалармен жиі келемін. Бұл қала мен үшін ерекше орынға айналды. Астананың өсіп, құлпыра түскені ұнайды. Сол себепті өз үлесімізді қосу қашанда маңызды болмақ», – деді ол.
Көшет «Мыңжылдық» аллеясына отырғызылды.
Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экоакциясы өтіп жатыр. Ауқымды экоакция аясында жасыл желектерді отырғызу, қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды және т.б. тазарту жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Астанада бір миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызылады. Оның басым бөлігі қазірдің өзінде аяқталды.
Биыл Астанада барлығы 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтыды. Жұмыстың басым бөлігі аяқталды.