ТАНЫМАЛ ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ЭКОАКЦИЯҒА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

Түркістан өңірінен шыққан және өзге де өнер жұлдыздары елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, жерлестерін атсалысуға шақырды. Белгілі актер, жүргізуші Жанатбек Байтеков, «МузАрт» тобының солисі Кенжебек Жанабілов, сонымен қатар танымал эстрада жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы мен Ғазизхан Шекербеков, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің көркемдік жетекшісі, белгілі продюссер Сержан Молдасанұлы, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының басшысы Арман Алиев, театр әртістері Нұржан Ізтаев және Шәкен Амантұров, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері Мамадияр Таукеев пен Данияр Исмаилов акцияның маңызына тоқталып, қолдайтындарын білдірді.
«Құрметті жерлестер, қымбатты бауырлар! Қазіргі таңда еліміз бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Соған барлығымыз атсалысайық. Еліміздің, жеріміздің тап-таза болғаны қандай тамаша. Гүл, көшет отырғызайық. Қазақстанымызды жасыл аймаққа айналдырайық. Ол сіз бен біздің қолымыздан келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Ендеше алға Таза, Жаңа Қазақстан!» деді Жанатбек Байтеков.
Ал Жұбаныш Жексенұлы: «Қымбатты жерлестер! Баршаңызды даламызды, қаламызды, өмір сүріп отырған ортамызды гүлдендіріп, көгалдандырып, абаттандырып, таза ұстауға шақырамын. Көктемнің күндері әрқашан көңілдеріңізді көтерсін!» деп түркістандықтарды экологиялық акцияға белсене атсалысуға үндеді.
«Құрметті жерлестер! Ел Президентінің бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Баршаңызды сенбіліктерді қатысып, сүйікті қаламызды сұлу әрі көрікті қылуға атсалысуға шақырамын. Түркістанымыз әлемге танымал қалалардың бірі болсын!» деді Нұржан Ізтаев.
Түркістан өңірінен шыққан өнер жұлдыздарымен бірге қазіргі таңда киелі мекенде еңбек етіп жүрген белгілі продюссер Сержан Молдасанұлы да қолдау білдірді. «Бәрімізге атамекен жер қымбат. Жеріміздің тазалығы, оның көркемдігі мен сұлулығы біз үшін ең құнды аманат болса керек. Ендеше аманатқа қиянат жасамай, барлығыңызды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға шақырамын!» деді ол сөзінде.
Данияр Барыс «Тазалық – денсаулық кепілі» екенін тілге тиек етсе, Кенжебек Жанабілов бұл бастаманы кез келген адам қолдауы тиіс деп санайды. Ал Арман Алиев бірауыздан жұмыла қатысқанда ғана үлкен нәтиже көрсететінін атап өтті. Ғазизхан Шекербеков отаншылдықтың әрбір тұрғын өңіріне жаны ашып, әр жерге қоқыс тастамаудан басталатынын айтты.
Еліміз бойынша 10 сәуір күні басталған экологиялық акция 11 мамырға дейін жалғасады. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Экоакция аясында өткен Түркістан облысында «Таза өлке» апталығы аяқталды. Өңірде «Таза өлке» апталығы аясында 267 көлемді іс-шара өткізіліп, 2 839 көше бойы мен 58 407 шаршы метр аяқжол тазаланды. 140 мыңға жуық ағаш отырғызылды. 144 мыңнан аса ағаш әктелді. 346 саябақ пен сквер және 298 балалар мен спорт алаңшасы ретке келтірілді. 272 шақырым көпір мен өзен-каналдардың және бұлақ арналарына тазалық жұмыстары жүргізілді. 517 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы мен жертөлелер, кіреберістері тазаланды. Сондай-ақ 13 сәуір күні өткізілген жалпы сенбілікте 1031 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 25 мың адам тартылып, 316 техника жұмылдырылды.
«Киелі мекен» аптасында Түркістан облысында 170 іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде зиярат етушілер мен туристер көп болатын Сауран қалашығы, «Укаша ата» мен «Жүсіп ата» кесенесі, Ысқақ баб пен Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі секілді киелі орындар тазаланады. Алдағы уақытта «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» науқаны бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар атқарылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі