ТАРАБАР ТІЛІ ӘДЕБИЕТКЕ АРНАЛҒАН ОҚУ ҚҰРАЛЫНДА ҚАЙДАН ЖҮР ЖӘНЕ МАТЕМАТИКА ОҚУЛЫҒЫ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ФЭЙКТЕР: «ОҚУЛЫҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Әлеуметтік желіде талқыға түсіп жатқан екі оқулыққа қатысты түсініктемеге қол жеткіздік. Алдымен әдебиетке арналған оқу құралындағы түсініксіз сөздер туралы қызу пікірталас пайда болса, оның дауы басылмай жатып математика оқулығы туралы жалған мәлімет тараған. Ендеше «Оқулық» республикалық орталығының жауабына құлақ асайық.
ТАРАБАР ТІЛІ ӘДЕБИЕТКЕ АРНАЛҒАН ОҚУ ҚҰРАЛЫНДА ҚАЙДАН ЖҮР
Әдебиет пәніне арналған оқу құралының суреттері әлеуметтік желі мен WhatsApp арқылы тарап кетті. Оның бір беті: «бутявка», «кукуся», «калуша», «отпызявила», «мырдявость» деген секілді түсініксіз сөздерге толы болатын.
Республикалық орталықтың мамандары «Тарабар тілін» алғаш рет Льюис Кэрролл «Алиса ғажайыптар елінде» атты кітабында пайдаланғанын айтады. Естеріңізде болса: «Бармаглот»: «Варкалось. Хливкие шорьки пырялись по наве, и хрюкотали зелюки, как мюмзики в мове…» деп айтылатын тақпақ бар. Содан кейін бұл мәтін әлемнің барлық оқулықтарына «Лингвистикалық ертегі» ретінде еніп кетті. Оның мақсаты да көп болатын. Мысалы, түсініксіз, шатасқан сөздер ішінен зат есім мен етістікті айыра білу керек болатын. Бұл — баланың ойлау жүйесін қозғайды. Сыни пікір қалыптастыруға бейімдейді. Сөз қолдану әдістерін тереңнен түсінуге баулып, байқағыштық қабілетін арттырып, қиялын дамытады. Оқу процесін қызықты әрі тиімді етуге көмектеседі. Бұған дейінгі бағдарламаның кемшілігі – балаға асты шайнап беретіндігінде еді. «Міне саған дайын мәтін, оқы, жаттап ал»,- деген талаптың төңірегінде болатын.
Тілді меңгеру барысында ерекше әдіс үлгісін көрсету үшін жаңа оқулықтарға тілдік ойын енгізілді. Ол әйгілі прозашы және Дүниежүзілік фэнтези сыйлығының иегері Л.Петрушевскаяның «Пуськи Бятые» өлеңі еді. Оның балаларға түсінікті әрі қызық екені баршаға аян. Ал үлкендер «көне көзқарастарына» сыймайтын жаңалықтармен жете танысып, баламен бірдей отырып талдауға үйренгені дұрыс.
МАТЕМАТИКА ОҚУЛЫҒЫ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ФЭЙК ЖАҢАЛЫҚ
WhatsApp арқылы тез тараған тағы бір жаңалық – Қазақстандағы математика оқулығының беті деп көрсетілген сурет еді. Орталық мамандарының айтуынша, бұл — балалар жазушысы Григорий Остер жазған кітап екен. Ендеше, WhatsApp арқылы тарахат хабар — жалған. Әлдекім 2001 жылы шыққан «Школа ужасов» атты кітаптың беттерін қазақстандық оқулық деп таратып жіберген.
Көпшілікті бұл «оқулықтағы» тапсырмалардың мәтіні мен мазмұны ашуландырған болатын. Біреуін мысалға алар болсақ: «жан досың сенің көк желкеңнен 9 рет қойып қалған кезде сен оны 3 рет қана ұра алдың. Әділдік орнауы үшін сен досыңның желкесінен неше рет түйіп жіберуің керек?»,- деген мәтін бар. Бұл — жазушының бастауыш сыныптарға ойын ретінде ойлап тапқан есебі болатын. Қазақстандық оқулыққа, оның ішінде математикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Ақпарат тасқыны көп. Адаспауға тырысыңыздар. Фейк жаңалық таратамын деп ұятқа қалмас үшін шындықты жалғаннан, ақты қарадан айыруды үйреніңіздер!