Тараз әкімі Е.Жылқыбаев тұрғындарды «Қала күнімен» құттықтады
Екі мың жылдық бай тарихы бар Тараз қаласының «Қала күні» мерекесін көп жылдан бері күзде атап өту бұлжымас дәстүрге айналған. Биыл да бұл мереке осыдан бір аптадай уақыт бұрын басталып, түрлі мәдени, әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылып, ел игілігіне арналып бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Ал «Қала күні» мерекесі сенбі күні «Баласағұн» орталық концерт залында түйінделіп, онда жергілікті өнерпаздардан бөлек елімізге белгілі эстрада әншілері де ән-жырдан шашу шашты.
Бүгін қаланың айтулы күнімен шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев қала қонақтары мен тұрғындарын өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында құттықтап, облыс орталығын көркейту бағытында атқарылған игі бастамаларды тілге тиек етіп, әлі жалғаса түсетін жобалардың жоспарымен бөлісті. Одан бөлек қала өміріне атсалысып, тіршілігіне жан бітіріп жүрген еңбек адамдарына айрықша алғыс білдірген.
«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді тарихымыздың темір қазығына айналған Таразымыздың төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тараз — Ұлы Жібек жолының бойында, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өркениеттің орталығы болған көне қала. Оның терең тарихы — Әулиеата жұртының, Қазақ елінің мақтанышы. Дәстүрлі мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Тараз егемен елімізбен бірге дамыды. Жыл өткен сайын жаңа шағын аудандар, көрікті ғимараттар салынып, заманауи инфрақұрылым жүргізілуде.
Қалада атқарылып жатқан игі істерге өздеріңіз куә болып жүрсіздер.
Жақын күндері «Гимнастика және үстел теннисі», «Анаға тағзым», «Облыстық онкологиялық» орталықтары халық игілігіне берілмек. «Үшбұлақ», «Қарасу» каналдарында тағы бір жағалау пайда болады.
Келесі жылы Мұз сарайының, Жеңіл атлетика манежінің, Бокс орталығының, 14-шағын ауданда 250 төсек орынды көпсалалы аурухананың құрылысы басталады. Көп жылдан бері қараусыз қалған «Зербұлақ» көлі аумағында үлкен демалыс орны ашылады.
Мұның бәрі тараздықтардың жайлы тұрмысы үшін, келер ұрпағымыздың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар.
Ендеше сүйікті қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту әрқайсымыздың перзенттік парызымыз.
Тараздың тотыдай таранған бүгінгі келбетіне әрбір тұрғынның үлесі зор. Күнделікті көшені тазалап, шөбін орып жүрген, таза ауыз судың қауіпсіз болып бізге жетуін, жылудың берілуін қамтамасыз етіп отырған азаматтардың да еңбегі ерек. Сондықтан, қаламыздағы әрбір еңбек адамы – құрметке лайық! Ортақ қаламызды дамытудағы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін!
Ұлт руханиятының алтын бесігіне айналған шаһарымыз өрлей берсін!
Баршаңызды тағы да Қала күнімен құттықтаймын!
Еліміз аман, әр күніміз берекелі болсын!», делінген қала әкімінің құттықтауында.
«Қала күнінің іс-шаралары мұнымен аяқталған жоқ. Ертең облыс әкімінің қатысуымен «Анаға тағзым» орталығы мен «Көркем гимнастика және үстел теннисі» спорт кешенінің ашылуы жоспарланып отыр.