Тараз хирургтері тіс шұқығыш жұтып қойған науқасты құтқарды
Тараз хирургтері тіс шұқығышты жұтып қойған адамды құтқарды, деп хабарлайды elana.kz Денсаулық сақтау министрлігінің телеграм каналына сілтеме жасап.
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына ішінің қатты ауыруы мен әлсіздігі бар 54 жастағы ер адам емдеуге жатқызылды. Науқас өзінің 4 күн бойы ауырғанын айтқан. Бірақ, медициналық көмекке жүгінбеген. Қатты ауырсынғаннан кейін жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілген.
Хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі, лапароскопия бойынша тәжірибелі және білікті маман Ғабиден Рахымжановтың бастамасымен дәрігерлер – Бекташ Дүрсінов пен Әлімбек Бекнұр компьютерлік томография жүргізді. Ол науқастың іш қуысында тіс тазалағыш тұрып қалғанын көрсеткен.
«Бөгде затты алып тастау» әдісі бойынша шұғыл лапароскопиялық операция жасалды. Операция кезінде ұзындығы 4 см және диаметрі 2 мм ұзын жіңішке ағаш таяқша (тіс шұқығыш) алынды.
Сәтті жүргізілген операциядан кейін науқас есін жиып, бірнеше күн бұрын қазы жегенін айтады. Ол етпен бірге тіс тазалайтын ағаштың өңешке түскенін байқамаған болуы керек.