Тараз қаласындағы 240 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүруде

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабын аралап, бірқатар нысандармен танысты.

Аймақ басшысы тұрғын алқаптағы екі жыл бұрын пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды.

Нұржан Нұржігітов кешеннің айналасын көгалдандыру бойынша сенбіліктер ұйымдастыру керектігін айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовке әлі де спорттық құралдар жетіспейтін залға жабдықтар жеткізу жұмыстарын тезірек ұйымдастыруды тапсырды.

Ал, №52 бастауыш мектеп ғимаратының жағдайын көрген облыс әкімі нысанды 2025 жылы күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін атап өтті.

Бұдан соң облыс әкімі Целиноград көшесі 1,2,3,4-бұрылыстарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Мұнда жергілікті бір топ тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдаған аймақ басшысы бүгінде қала бойынша 240 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.

Тұрғындардың жаяу жүргіншілер жолын салу тілегі де орындалатын болды. Көше жарығына қатысты мәселе де өз шешімін таппақ.

Келесі кезекте аймақ басшысы облыс орталығындағы Саңырақ батыр, Шостокович көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарын тексерді.

Нұржан Нұржігітов жауаптыларға барлық құрылыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алу керектігін баса айтты.

Жамбыл облысы әкімдігі