Тараз – рухани жаңғырудың темірқазығы  

 Елбасының «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы бүгінгі таң мен келер ұрпақ үшін үлкен олжа екені даусыз. Жоба жемісін Жамбыл облысының жұртшылығы да жіті сезінуде. Сондай-ақ көне Тараз шаһарында да тетігін тапқан тірліктер аз емес. Бұл жайында қала басшысы Қайрат Досаев кеңінен айтып берді.  

    — «Рухани жаңғыру» шын мәнінде ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба.  Ол қоғамдағы барлық саланы қамтитындығымен бірігей саналады. Сондықтан, оны қазіргі кезеңдегі ұзақмерзімді перспективалы қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеологиялық платформасы деуге болады.

Қоғамдық сананың жаңаруы ортақ әлеуметтік кеңстікте өмір сүріп жатқан халықтың қажеттіліктерімен тікелей байланысты жүретіні белгілі. Ал Қазақстан азаматтарының қоғамдық сананың  мазмұны олардың мүдделерімен, идеяларымен, құндылықтарымен үндес. Ол мәдениет, мінез-құлық тәжірибесі, салт-дәстүрді қоса алғандағы рухани негіздерге арқа сүйейді.

Тараз қаласында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің басшылығымен  қарқынды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстан киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім» арнайы жобалары бойынша ауқымды бастамалар қолға алынған. Қазақ тілін латын әліпбиі негізіндегі графикаға көшіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Жалпы, 25 жобаны іске асыруға 2 миллиард 472 миллион 750 мың теңге қаржы жұмсауды қажет етіп отыр.  Былтыр қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 9 жобаға 321 миллион 600 мың теңге бөлді.

Ал облыстық жобалық офиске «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 2 жоба ұсынылды. Олардың жалпы құны 374 миллион теңгені құрайды. Аталған жобалар демеушілердің көмегімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Арман Жұмабаев темір жол бекеті маңындағы скверді абаттандыруға 150 миллион теңгеге көмек көрсетіп, «Арайстроймаркет» ЖШС-нің директоры Арман Еділбаев  «Атшабар»  скверінің құрылысына 224 миллион теңге жұмсады. Сонымен қатар, « Бір сәби  – бір ағаш» жобасы бойынша былтыр жаңадан туылған  сәбилердің ата-аналары 500 түп ағаш отырғызса, биыл қала көлемінде 6 200 түп  шыбық тігіп, қала жасыл желекке орана түсті. Мұның бәрі көне шаһарды көркейте түскен игі шаралар десек, артық айтпаймыз.

Бағдарламаның «Туған жер» жобасының ерекшелігі – оны жүзеге асыруға өңірлерді де белсенді тартуында болып тұр. Облыстар, шағын қалалар, аудан, қала берді әрбір елді мекенді көркейтуге  ұмтылуда. Бұл ретте кәсіпкердің, мецанаттардың азаматтық белсенділігі бізге көп көмегін тигізіп отырғанын айтқан жөн. Туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік арқылы көрсетілетін патриотизм – ұлттық-генетикалық кодтың негізі.

Былтыр аталған «Туған жер» жобасы аясында Қазақстан Республикасының спорт шебері, әйелдер арасында бокстан кәсіпқой Әлем чемпионы Фируза Шарипова өз бастамасымен екі мүмкіндігі шектеулі  бала тәрбиелеп отырған Жолдыбаевтар жанұясына автокөлік сыйлады. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың демеушілігімен  шаһарда «Ғибрат» орталығы ашылды.

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай осы игі бастамалардың жалғасы ретінде «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры  Арман Еділбаев, «Альтаис групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлімбек Жұмабаев Тараз қаласының тұрғыдары – Тұрғановтар және Әбілбашировтердің отбасына пәтер кілттерін табыс етті.

2017 жылы «Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өз қаражатына «Мыңбұлақ» шағын ауданында әмбебап заманауи спорттық алаңшасын салып берді. Спорттық алаңшада бір мезгілде  25 бала спорттың волейбол, баскетбол, шағын футбол ойнауға жағдай жасалған. Мұндай игі бастамаларға үн қосып жүретін мецанаттар қатарында қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Канда бар. Ол «Самал» шағын ауданында 25 және 30 үйлердің ауласына бейнекамераларды орнатып берді.

Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 талапкерге, оның ішінде Тараз футбол клубының  қосалқы құрамының 9 футболшысына, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін оқу грантын тағайындады.

Бұдан өзге «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия  және трансплантология орталығының» басшысы Сейітхан Жошыбаев 7 638  миллион теңгеге 3 800 тұрғынды тегін дәрігерлік тексеруден өткізсе, «Жасұлан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ж. Омарова  аз қамтамасыз етілген бір отбасының  баласының жоғары оқу орындағы 5 жылдық оқу ақысын төлеп берді.

Біздің арамызда мұқтаж жандарға қолұшын созып, көмек көрсетіп тұратын нағыз азаматтардың бары, ірине, қуантатыны сөзсіз. Осыған орай, игі істердің басында жүрген азаматтар былтыр тамыз айында қалалық мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты атанып, салтанатты жағдайда марапаталды.  Осы жиында «Батыл жүрек» аталымын қалалық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің жол қауіпсіздігі полициясының аға лейтенанты Самат Алашев, әлеуметтік маңызы бар, қайырымдылық жобаларды және акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізген, қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасаған «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Төлегенов «Жылдың үздік ұйымы» аталымын иеленді. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін  «Жыл тұлғасы» аталымының сыйлығы «Логитех» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Антон Скрамовскийге табыстылды. Ол «Қауіпсіз мектеп» пилоттық жобасы бойынша  А. Пушкин атындағы № 41 көпсалалық гимназиясына 4 миллион 436 мың теңгеге  4 турникет орнатып берген болатын.

Былтыр «Достық» үйінде Тараз қаласы және Түркістан облысы кәсіпкерлерінің қатысуымен «Тараздың түрленуі» атты іскерлік-әріптестік форум өткені белгілі. Ауқымды жобалар аясында мәдени-іскерлік орталық пен «Шахристан», «Көне Тараз», Тектұрмас кешендерінің таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, коммерциялық нысандардың құрылысын жүргізуге ниет білдірген кәсіпкерлер 800 миллион теңгеге  меморандумына қол қойды.

Осы және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарды жұртқа жеткізу үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша ақпараттық саясатты іске асыру бағытында қалалық  «Jambyl Taraz» газетінде бағдарламалық мақаланы ілгерілету тармақтары қосылған. Атап айтқанда, қалалық «Jambyl Taraz» газетінде «Рухани жаңғыру», «Жаңғыру»,  «100 жаңа есім», «Атамекен», «Руханият», «QAZAQ TILI», «100 KITAP», «100 новых лиц Казахстана» атты арнайы айдарлар ашылып, 271 мақала жарияланды.

Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Жамбыл облыстық мәдени-танымдық «Білім және Өнер» журналына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  саралаған сараптамалық материалдар, ой-пікірлер мен журналистік зерттеулер, ақпараттық материалдар жарияланды. Ақпараттық агенттіктерде 125 тақырыптық мақала, әлеуметтік желілерде 126 жарияланым орналастырылды.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Facebook» әлеуметтік желісінде «Рухани жаңғыру. Тараз қаласы» атты арнайы парақша ашылып, 80 жазба салынды. Облыстық «JAMBYL» және «77 TV» телеарналарының «Жаңалықтар» бағдарламасынан 259 сюжет көрсетілді.

Ал қала әкімдігінің (taraz-gov.kz) ресми сайтында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы екі тілде салынып, логотипі қойылды, 54 материал жарияланды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде блогерлердің жұмысын жүргізуге қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, электронды конкурс жарияланды. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталған соң  тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, —  деді шаһар басшысы.

Осылайша көне Тараз шаһарында  талай тірліктер тетігін тауып, жоспарлы жұмыстар да айқындалуда. Бұл жүйелі жұмыс пен бағдарлы бастамалардың жемісі екені хақ.

 

Төлен Дедек