Тараз шаһары түрлене бермек
Тараз қаласын көркейту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен болған баспасөз жиынында қала әкімі Қайрат Досаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, қаланы көркейту жұмыстарының жалғастыру мақсатында «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайының, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының, көрме павильонының, көркем сурет галереясының, қол-өнер шеберханалар орталығының, «Руханият» орталығының құрылыстары жүргізілуде.
Осы аумақта жолаушыларды тасымалдайтын 26 бағыттағы қоғамдық көліктердің өтетінін ескере отырып, аталған «Арбат» аймағын айналып өту үшін Байзақ батыр көшесін кеңейту Төле би даңғылынан Ташкент көшесіне дейін, Байтасов көшесін Төле би даңғылынан Көшеней көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстары мен Көшеней көшесінен Аққозиев көшесіне шығатын жолдың құрылысы жоспарлануда.
Сонымен қатар, Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы және «Мамыр» саябағын абаттандыру мен «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стелласы орнатылатын болады.
Жаңа 15-ші мөлтек ауданының 40 га құрайтын мәдени-әкімшілік орталығын абаттандыру мен Оқушылар сарайы, жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары бюджет есебінен, ал Неке қию сарайы мен Салтанат сарайының құрылыстары жеке инвесторлар есебінен басталуы жоспарлануда.