«Тараз»: талап бар, талпыныс жоқ
Сонымен, «Тараз» клубының биылғы бірінші лигадағы ойынына сараптама жасап көрейік. Ең алғашқы маусымашар ойынын өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» командасымен өткізіп, 1:2 есебімен қонақтарға жол берді. Келесі ойында сырт алаңда Алматының «Қайрат-жастар» командасымен ойнап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Мұнан соң сырт алаңда «Түркістан» командасына 2:0 есебімен жол беріп, өз алаңында шығыстың «Алтай» командасын 3:1, Оралдың «Ақжайық командасын 3:1 есебімен ұтып, турнир кестесінде төртінші орынға жайғасқан болатын. Қазір бірінші айналым мәресіне жетті. «Тараз» 24 ұпаймен жетінші орында тұр. Яғни, 15 ойынның 7 кездесуінде ұтса, 3 рет тең ойнап, 5 кездесуде ұтылып қалған. Маңдайалды командамыздың бірінші лига командаларынан 5 рет ұтылғанына көңіліміз толмайтыны рас. Биылғы мақсат Премьер-лигаға өту болса, екінші айналымдағы 15 ойынды сауатты өткізуіміз керек. Қазір бірінші айналым бойынша «Оқжетпес» 33 ұпаймен топ бастап тұр. Екінші орында 31 ұпаймен «Хан тәңірі» келеді. Үшінші орындағы «Жетісай» клубының «Хан тәңірінен» бір ұпайы ғана төмен. Егер биыл Премьер-лигадан үмітіміз болса, екінші және үшінші сатыда тұрған командаларды басып озуға тиіспіз. Ал, көш басындағы «Оқжетпес» енді бізге жеткізе қоймас. Екі команданың арасын бақандай 9 ұпай бөліп тұр. Біз екінші айналымда «Тараз» командасының жинақы ойнап, әр ойынға жауапкершілікпен қарайтынына сенеміз. Алдағы 15 ойыннан 35 ұпай олжалай алсақ, Премьер-лигаға өтуге толық мүмкіндігіміз бар. Ол үшін «Оқжетпес», «Хан тәңірі», «Жетісай», «Каспий» секілді командаларды ұтып, қарсыластарды қапы қалдырып кетуге тиіспіз. Бұл күндері «жасарып» кеткен «Тараз» командасы ол үдеден шыға алады ма?
Айталық, қазіргі таңда «Тараз» футбол командасында 25 ойыншы бар. Олардың ішінде ең үлкені 24 жастағы Станислав Щербаков. Онан соң 23 жастағы Ұлықбек Хайтмұратов бар. Әрі қарай таратып айтар болсақ, 22 жастағы – 6, 21 жастағы – 6, 20 жастағы – 5 ойыншы команда сапында доп теуіп жүр. Ал, орталық алаңда ойын көрсетіп жүрген Абзал Баймолда 19 жаста. Бір қуанатынымыз, команда құрамы 18 жастағы төрт ойыншымен толыққан. Олар – Азамат Ерден, Димаш Серікұлы, Еділжайық Мұхамеджан, Әділет Өмей. 17 жасар Нұрдәулет Орынбасардың да болашағынан үміт күтеміз. Бір айта кетерлігі, команда негізінен өзіміздің жамбылдық ойыншылардан жасақталған. Қалай болғанда да олардың командаға жаны ашуы тиіс деп ойлаймыз. Қазіргі таңда Диас Орынбасар, Ерасыл Кеуілімжай жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Біз команда құрамындағы футболшылардың қалай іріктелетіні жөнінде «Тараз» футбол клубының спорт директоры Нүркен Мәзбаевпен әңгімелескен едік. Ол: «Біздің клубта екінші лигада ойнайтын командамыз бар. Одан бөлек 2006-2007, 2008 жылы туған жастар мен жасөспірімдер арасында бөлек ел чемпионаты өтіп жатыр. Демек, бірінші лигадағы негізгі клуб ойыншыларынан бөлек үш командамыз бар. Сол командалардың ең үздіктерін бірінші лигаға қосамыз. 17 жасар Нұрдәулет Орынбасар міне осындай іріктеуден іркілмей өткен ойыншы. Біз алдағы уақытта басқа да бірқатар жастармен команда құрамын толықтыра түсеміз. Бірақ, олардан нәтижелі ойын талап етеміз», – деді.
Айтпақшы, біздің жергілікті клубтың ала-құла ойынын бапкерлер қаржының аздығынан және футболшылардың жастығынан көреді. Бірақ, 20-21 жастағы ойыншылар жас па? Біздің елде 21 жастағы ойыншыны жас деп жүрсек, Испания футбол құрама командасындағы Леман Ямаль 17 жасында Еуропа чемпионы атанды ғой. «Болар бала бесікте бұлқынады», – деген осы болар.
Сондықтан, тараздық клубтың ойынына серпіліс керек-ақ. Бірінші лиганың ортаңқол командаларына есе жібере беруге болмайтыны анық. Мұны команданың бас бапкері Нұрмат Мырзабеков те түсініп жүрген болар деген сенімдеміз. Кезінде «Тараз» футболына күш берген, үздік ойыншы атанған Азамат Ниязымбетов те жаттықтырушылар сапында жүр. Ал, Нүркеннің кезінде Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының сапында да, «Тараз» командасы сапында да шебер ойнап, есімі аңызға айналғаны елге аян.
Міне, жергілікті футболға еңбегі сіңген азаматтардың бәрі қазір «Тараз» клубында еңбек етіп жүр. Мұнысын жергілікті командаға жанашырлық деп білеміз. Сондықтан, Мәзбаев пен Ниязымбетов тізе қосып тер төгіп жатқан жерде нәтиже болады деген үміт басым. Айта кетсек, «Тараз» 1-тамыз күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсар – жас» клубын қабылдайды. Бәріне уақыт төреші! Жерлестеріміздің жолы жеңісті де жемісті болғай!
Есет ДОСАЛЫ