Таразда алғаш рет эпилепсияны оперативті емдеу жүргізілді
Жамбыл облыстық балалар ауруханасында алғаш рет эпилепсияны хирургиялық емдеу бойынша шеберлік сыныбы өтті.
Алматы қаласының No2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері, м.ғ.к. Марат Рабандияров, нейрохирург Азамат Жайылғанов, невропатолог-эпилептологтар Яна Акчурина және Гүлнар Қасенова, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің медициналық орталығы ауруханасының невропатолог-эпилептологы Жасұлан Өтебеков және Тараз қаласындағы білікті нейрохирург Саят Жұмабаев, дәрігерлер Мирсаид Байматов пен Мирдас Мурадовтар балалар арасындағы эпилепсия ауруын зерттеу бойынша семинар-оқу өткізіп, оның барысында нейромамандар тобы эпилепсияның дәріге төзімді түрімен ауыратын балаларды тексерді.
2005 жылы туылған жас пациенттің «эпилепсияның фармакологиялық төзімді түрі» диагнозы және ауру анамнезі егжей-тегжейлі қаралып, МРТ және электроэнцефалография мәліметтері зерттелді. Церебральды сал ауруы,Микроцефалия, Дэнди Уокер синдромы, құрысуға қарсы ем алғанына қарамастан, бала сәттік жансыздану секілді естен тану синдроммен өмір сүріп келе жатқан. Білікті де білімді дәрігерлердің ұзақ тексеруінен кейін оған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында кезбе жүйке стимуляторы орнатылды.
Марат Рабандияров түсіндіргендей, кезбе жүйкені қоздыру операциясы (VNS-терапия) – миға ақпарат түсіретін жүйке жүйесі электродпен оралып, ол арқылы эпилепсияға қарсы импульстар тері астына имплантацияланған стимулятордан миға жіберіледі.
Бұл ұстаманың дамуын болдырмауға көмектеседі.
Хирургиялық араласу сәтті өтті. Бүгінгі күні операциядан кейінгі кезеңде науқастың жағдайы жақсаруда. Бақылау кезеңінде стимуляторды арнайы орнату фонында ұстамалар байқалмады. Мамандардың айтуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес, эпилепсиямен ауыратын науқастардың шамамен 30% -ында дәріге төзімді түрлері бар.
Функционалдық балалар нейрохирургиясының дамуының, аймақаралық көпсалалы топтардың қалыптасуының арқасында науқастарға өңірлерде жоғары сапалы консультациялық көмек алуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Алдағы уақытта тиісті құрал-жабдықтар мен білікті мамандарға тапшылық жоқ емдеу мекемелерінде эпилепсияға қарсы операциялар жасалатын болады. Аталған шеберлік сыныбы ауруханадағы басқа да нейрохирург-дәрігерлерге сабақ қана емес, біліктілікті арттыру мен тәжірибе шыңдау курсы да болды.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі