Таразда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында бильярдтан турнир өтті
Талас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жамбыл журналистикасының абызы Баттал Жаңабайұлының құрметіне және облыстық «Ақ жол» газетінің 100 жылдығына орай, бильярдтан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында облыстық турнир өткізілді.
Турнир 94 жасар абыз ақсақалдың ақ батасымен басталды. Жарысқа облыстың, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының журналисттері қатысты.
Олар өзара үздікті анықтап, осы жолы шығармашылық жолындағы емес, тастаяқ ойынындағы шеберліктерін сынады.
Таңертең басталған ойын кешке дейін жалғасты. Тастаяқ ойынын тас қылып меңгерген журналистер, тартысты ойын көрсетті.
Турнирде Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының арнайы маманы төрешілік жасады.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орын (150 мың теңге) «Шу өңірі» газетінің бас редакторы, бір кездері «Aq jol» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарған Ерғали Қартайғанға бұйырса, екінші орынға (100 мың теңге) — облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз хатшысы Серік Тәжібаев ие болды.
Үшінші орынның жүлдесін (75 мың теңге) — республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі, ұзақ жылдар бойы «Aq jol» газетінде еңбек еткен Табигат Абаилдаев иеленді. Төртінші орынның жүлдесі — Бауыржан Абдыманаповқа бұйырды. Бұдан бөлек он ойыншыға қаржылай ынталандыру сыйлықтары берілді.
Талас аудан әкімдігі