Таразда Халық Қаһармандары мен Еңбек Ерлері бас қосты

Жамбыл облысына бір топ еліміздің Еңбек Ерлері мен Халық Қаһармандары келіп, бірқатар ауқымды әрі маңызды шараларға қатысты.

Құрметті қонақтардың қатарында Халық Қаһармандары Бақытжан Ертаев, Айдын Айымбетов, Азамат Жұмаділов, Еңбек Ерлері Аягүл Миразова, Алина Соловьева, Алма Шукыжанова, Рышат Амренов, Құралай Байменов, Мұқаш Ескендіров, Тұрсынбек Макишев, Руслан Қуатов, Мұхтар Тулеутаев, Имамзада Шагиртаев, Мұрат Қайыргельдин бар.

Олардың қатысуымен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жас сарбаздардың Ант беру салтанаты өтті. 400-ге жуық сарбаз ант берген шарада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары — Бас штаб бастығы Мереке Кучекбаев сөз сөйлеп, Отан қорғаушы болу – өте абыройлы әрі жауапты міндет екенін атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Шара барысында саябақтағы Кеңес Одағының  батыры, даңқты жерлесіміз, әскери  қолбасшы Бауыржан Момышұлының, Халық Қаһармандары Ғазиз Байтасов пен Мейіржан Аймановтардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, рухтарына тағзым етілді.

Сондай-ақ, 85395 әскери бөлімінің Барлау жауынгерлік ротасының жеке құрамы қоян-қолтық әдістерін көрсетті. Құрметті қонақтар  Данқ залын аралап, құнды жәдігерлермен танысып, әскери концерттік бағдарламаларын тамашалады.

 

Жамбыл облысы әкімдігі