Таразда Илья Жақановтың шығармашылық кеші өтті
Таразда «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері» атты шығармашылық кеші өтті.
«Баласағұн» орталық концерт залында өткен кеште автордың «Жайлаукөл кештері», «Таңғажайып махаббат», «Дүлдүл» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға қатысқан Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұлғаның шығармашылық кешімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
— Қазақтың ұлы даласын ән мен күйге бөлеген Біржан сал, Ақан сері, Құрманғазы, Ықылас, кешегі Шәмші мен Нұрғиса сияқты өнер дүлділдерінің қасиетті жолын үзбей жалғастырып келе жатқан қазақтың айтулы саз зергері Илья Жақанов ағамызбен Әулиеата төрінде жүздесіп отырмыз.
Қазақ өнері мен әдебиеті туралы әңгіме болғанда, осы қос саланың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Қазақстан және Қырғыз Республикаларына еңбегі сіңген қайраткер, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақанов ағамыз бірден ойға оралады.
Сіз саз өнері мен сөз өнерін қатар ұстап, қыл қаламды жаныңызға серік еткен біртуар тұлғасыз.
Ұлт руханиятына сіңірген осынау өлшеусіз еңбегіңіз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін!
Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін!-деп аймақ басшысы ықыласын білдірді.
Кеш барысында автордың шығармашылығынан әндер орындалып, өнер жұлдыздарының Илья Жақанов туралы тағылымды ой-пікірлері берілді.
Жамбыл облысының әкімдігі