Таразда «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтті
Жамбыл жері сонау Кеңес үкіметі тұсында жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылық саласы өркен жайған қуатты өңір саналатын. Кейін ел егемендігін алып, еңсе тіктеген тұстан бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерге зор сенім артқанымыз әмбеге аян. Қуантарлығы, облыста іс бастап, кәсібінің нәсібін көріп отырған жас кәсіпкерлер жылдан-жылға артуда. Бұл дегеніңіз өңірде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді деген сөз. Кәсіп ашамын дегендерге Үкімет те қарайласып, қажетінше қолдау көрсетіп жатқанын айта кеткеніміз ләзім. Осы ретте облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме байқауының мақсаты өз ісін үйлесімді жүргізіп, тұяқ серппей еңбек етіп жүрген үздік кәсіпкерлерді анықтау болғаны рас.
Бұл күні «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясында өзіндік орны бар 82 тауар өндіруші өз экспозицияларын ұсынды. Олардың қатарында мүйізі қарағайдай ірі компаниялармен қоса шағын және орта бизнес өкілдері де болды. Өңірде осымен сегізінші рет ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, кәсіпкерлерге табыс тіледі.
– Кәсіпкерлік – ел экономикасының басты қозғаушы күші. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнім үлесінің айтарлықтай артуына (21,5%) қол жеткіздік. Жалпы, облыста 76 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Онда 124 мың адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілері 4 900 бірлікке артып, 76 мыңға жетті. Бұл, Мемлекет Басшысының қолдауы және Сіздердің белсенді шаруаларыңыздың нәтижесі екені белгілі. Сонымен қатар, қазақстандық қамту мәселелеріне назар аудару керек. Тек шикізат немесе тауар шығарып қана қоймай оны өңдеу мәселесіне бет бұру аса маңызды. Бүгінде облыс кәсіпкерлерінің 101-і «СТ-KZ» сертификатына ие болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шағын және орта бизнеске барлық қолдаулар көрсетілуде.Тек 2022 жылдың 6 айында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 миллиард теңге шағын несие берілді. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 млрд. теңге (400 АЕК) грант бөлінді (0,2 млрд. теңге 166 адамға берілді). Кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жетілдіру, әрі тиімділігін арттыру мақсатында облыста 3 арнайы алаң іске қосылған. Атап айтқанда, «Бизнеске арналған үкіметтегі» апта сайынғы инвесторларды қолдау, кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура жанындағы Сараптамалық кеңестердің жұмысы осыған бағытталған,–деді Нұржан Молдиярұлы.
Өңір басшысы бастап, қала тұрғындары отандық өнімдер қаз-қатар тізілген көрмені аралап, нарыққа жаңадан енген әрі сұраныс жоғары өнім өндіруді қолға алған кәсіпкерлерге тәнті болды. Шынтуайтында, байқауға іріктелген 82 отандық тауар өндірушілердің қай-қайсысы да бәсекеге қабілетті. Қала берді көрмеге алғаш қатысып отырған 30-дан астам кәсіпкер де тауардың бағасы мен сапасына барынша көңіл бөлгені байқалды. Содан болар көрмені тамашалауға келген тұрғындар отандық өндірушілердің тауарына сүйсініп, сатып алып жатты.
Байқауға тәуелсіз сарапшы-аудиторлар, бизнес-қауымдастық және салалық қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған сараптамалық комиссия төрелік етті. Олар үш номинация бойынша үздіктерді анықтады. Қазылар алқасы кәсіпкер өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігіне баса назар аударған. Сонымен «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясында үздік атанған «G Universal», «Novacom technology» серіктестігі мен жеке кәсіпкер «Алатау групп» қожайындарын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов марапаттап, арнайы сыйлықтар тарту етті. Сол секілді «Халық тұтынатын үздік тауар» номициясы бойынша «Паритет 2014», «Izgi is Qordai» серіктестігі және жеке кәсіпкер «Повстянко» озық шықты. Оларды «Әулиеата Феникс» құс фабрикасының бас директоры Әлия Жүнісова марапаттады. Бұдан өзге «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында кәсіпкер «Eco-chicken» және «ТПК Берсанукаев», «Мерке-ет комбинаты» серіктестігі үздіктер көшін бастады. Байқауда ісін енді бастаған «Муравенко», «Абзик Моторс», «Хожагаевич» сынды кәсіпкерлер де марапаттан құр алақан қалмады. Оларға облыстық Атамекен кәсіпкерлік палатасының басшысы Еркін Атымтаев Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыстап, өңірдегі кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қорыта айтсақ, байқауда үздіктердің ішінен қара үзіп шыққан 9 жеңімпаз жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2022» республикалық байқауында бақ сынамақ.
Осы күні Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде аймақты дамыту бағытында келелі ұсыныстар талқыланды.
Алдымен сөз алған аймақ басшысы барлық салада ерлермен иық тіресе еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген әйелдер қауымының орны ерекше екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ өңір басшысы түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың еңбегін жоғары бағалап, өңірді өркендету бағытындағы алға қойған мақсат-міндеттерді бірге орындауға шақырды.
Кездесу барысында кәсіпкер әйелдер облыс әкімімен бірге өңірдегі бизнесті дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Жамбыл облысы әкімдігі