Таразда рухани кеш өтті
«Сөзден күмбез тұрғызған…»
«Жазушымен бір күн» жобасы аясында
ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызымен кездесу кеші
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Тараз қаласының орталығындағы «Жастар» аллеясының «Білім» алаңында үздік қазақстандық және өлкелік шығармаларды өңір тұрғындары арасында кеңінен таныту, кітап оқуды ілгерлету, жергілікті ақын-жазушылар шығармашылығын насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып отырған «Жазушымен бір күн» жобасы аясында ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызымен «Сөзден күмбез тұрғызған…» кездесу кешін өткізді.
Ғайни Әлімбекқызының поэзия әлеміне саяхат ретінде ұйымдастырылған кештің мақсаты — кітапхана оқырмандары арасында ақынның өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, жастар арасынан өлеңге жаны құмар, поэзияны бағалай білетін өнерсүйер қауым тәрбиелеу, олардың талғамын жоғарлату.
Кеш барысында ақынның танымалы жырларымен қатар жаңа өлеңдері оқылып, Ғайни Әлімбеқызының сөздеріне жазылған сазгер «Сені сүю», «Қыз жүрегі», «Келерсің өзің», «Қаздар қайтып барады қарашада», «Тағыда келді бір көктем» әндерін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әншілері Жанна Асанқұлова мен Әскербек Досанов және кітапханашылар орындады.
Сонымен қатар, кеште жаңа әннің тұсаукесері өтіп, ақын Ғайни Әлімбекқызы мен сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевтың шығармашылық дуэтының жаңа туындысы — «Шырақтан жарық ғұмыр» әнін белгілі әнші Көпшіл Ертаев орындады.
Ән әуелеп, жыр төгілген ақынның шығармашылық кешіне өмірі мен өнеріндегі достары, ет жақындарыры, жалпы өлең сүйер қауым жиналды.
Дарынды ақынның ақындық жолының салмағын бағамдайтын мазмұнды ойлар ортаға салынып, буырқанған сезімге толы, сыршыл да ойлы, оралымды тіркестермен, көркем тілімен ерекшеленетін жүрекжарды өлеңдерімен кеш қонақтары әбден сусындады.