Таразда үшінші Түркі агро-бизнес форумы мен ТМҰ ауыл шаруашылығы министрлерінің отырысы өтті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Түркі мемлекеттерінің агробизнес-форумына және ECOSA тұқым шаруашылығындағы VIII конгресіне қатысты.
Форумға Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және Түркі мемлекеттері ұйымының (Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан) ауыл шаруашылығы министрлеріктерінің өкілдері келді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда заманауи технологияларды енгізу, өндіріс көлемін ұлғайту, өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруда мемлекеттік қолдаудың көбейгенін атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қазіргі таңда өсімдік шаруашылығы ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімнің 60 пайызын қамтамасыз ететін сала екенін жеткізді.
Аймақ басшысы Жамбыл облысында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жоғары рентабельді дақылдар алаңын ұлғайту бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында заманауи тәжірибелік-көрсеткіштік шаруашылық құру үшін 231 гектар жер учаскесі белгіленген. Мұнда тұқым өндіретін шетелдік компаниялардың өнімдерін сынақтан өткізу жоспарлануда. Бұл аумақ шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлер үшін демонстрациялық алаң ретінде қызмет етеді.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев су үнемдеу технологияларын енгізу — облысты дамытудың негізгі мақсаттарының бірі екенін атап өтті. Бұл тұрғыда кәсіпкерлерге тиімді мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
Облыс аумағында тамшылатып суару жүйелері мен жаңбырлату машиналарын құрастыратын зауыттар салу мәселелері пысықталуда. Бүгінгі таңда жалпы құны 40 миллион АҚШ доллары болатын үш инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
— Жамбыл облысы шетелдік инвестицияларды тартуда еліміздің ең қолайлы өңірлердің бірі табылатынын зор сеніммен айта аламын. Өңіріміз тұрақты дамып келе жатқан экономика мен көптеген инвестициялық мүмкіндіктерге ие. Біздің облыс жаңа жұмыс орындарын, технологиялар мен идеяларды құруға ықпал ететін инвестициялардың шоғырлану алаңына айналуға ниетті. Біз барлық серіктестеріміздің ынтымақтастықты арттыруға деген қызығушылығын жоғары бағалаймыз. Бұл форум өзара ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенімдімін, — деді Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Жамбыл облысы ауыл шаруашылығының жетекші салаларын дамытуда көш бастап тұр. Аймақ елге барлық пияздың үштен екі бөлігін және сарымсақтың 50 пайыздан астамын жеткізеді.
Форум барысында Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркия елінің ауыл және орман шаруашылығы вице-министрі Гизлигидер Эбубекир, экономикалық ынтымақтастық ұйымының, ECOSA, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» мен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің ауыл және орман шаруашылығы министрліктерінің өкілдері баяндама жасады.
«KazАgroZhambyl-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы форум-көрмесі аясында Түркі мемлекеттері Ұйымы ауыл шаруашылығы министрлерінің 3-ші отырысы, делегация басшыларының екіжақты кездесулері және В2В форматында кездесулер өтті.
Жамбыл облысы әкімдігі