Таразда жаңа қоғамдық көліктер пайдалануға берілді
Тараз қаласында қоғамдық көліктердің санын арттыру – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында да бұған баса мән берілген.
Соның жарқын дәлелі – бүгін 24 автобус пайдалануға берілді. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, автобус кілттерін салтанатты түрде табыстады.
«СапарТранс-2012» және «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тарапынан жеткізілген қоғамдық көліктердің 10-ы «Дамрус» ЖШС қызмет көрсеткен №40 бағыттағы ескірген автобустарды алмастырса, 12-сі бұрын тоқтап қалған №41 маршрутты қайта қалпына келтіреді. Ал қалған 2 бірлігі серіктестік қызмет көрсететін маршруттар үшін (8, 9, 56, 41 бағыттар) резерв ретінде қолданылады.
Жеткізілген автобустардың ұзындығы 9 метр, жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды.
2023 жылы Таразға жалпы саны 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, биыл 70 қоғамдық көлік ел игілігіне беріледі деп көзделуде. Бұдан бөлек, 5 маршрут ашу, 75 аялдама орнату жұмыстары да жоспарлануда.
Жалпы, қазіргі таңда Тараз қаласында жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Соған сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату орнату, кемінде 200 бірлік автобус сатып алу және жаңа 15 жолаушылар бағытын ашу міндеті тұр.