Тараздағы «Шахристан» кешенінде құрылыс қарқынды жүруде
Бұрынғы «Шахристан» базары жабылғанына бүгінде біршама жылдың жүзі болды. Сол базар жабылғанда жұрт «оның жер астында ежелгі Тараздың тарихына қатысты жәдігерлер бар екен» деген болжам айтса, енді біреулер ол жерге әсем ғимараттар салынып, көпшілік серуендейтін қоғамдық орынға айналатындығын сөз етісіп жүрді. Негізінен, мұндай болжамдардың ел ішін желдей есетін себебі де бар. Өйткені, ондағы жеке кәсіпкерлердің мүлкі саналатын нысандар халық қазынасы есебінен сатып алынып, мемлекет меншігіне өткенімен, ол маңнан мұндаға дейін қыбыр еткен тіршілік белгісі байқалмап еді. Бір кездері саудасы қызып тұрған қан базар жұмысын тоқтатып, есігінің тарс жабылуы өз алдына, оның мемлекет меншігіне өтуінде де бір мән болмауы мүмкін емес. Қазір ол жер қандай мақсатта пайдаланылмақ? Алда қандай жоспарлар бар? Біздің сайт оқырмандарын осы мәселе қызықтыратыны сөзсіз.
Негізінен бұрынғы «Шахристан» аумағында 8 адамның мүлкі болған. Олар бас-аяғы үш-төрт жыл ішінде мемлекет меншігіне толықтай өткенінен хабардармыз. Оның бірақ мемлекет үшін қаншаға түскенін, жұмсалған қаражат көлемі бізге беймәлім. Бір білетініміз Тараз қаласының орталық аумағының 201 гектар жеріне бір кездері Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан бас жоспар негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалғандығы. Аталған орталық аумақтың негізгі нүктесі «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы. Ол жерде Достық үйі, ашық аспан астындағы қазба жұмыстар музейі орналасқан. Негізгі облыс басшыларының мақсаты осы орталық аумақты туристік аумаққа айналдыру. Соның ішінде біз сөз етіп отырған «Шахристан» да бар. Барлығы 4 гектарды алып жатқан осы «Шахристан» ежелгі Тараздың «Рабад» аумағында орналасқан. Бас жоспар бойынша осы жерге әртүрлі құрылыс нысандары салынбақ. Одан бөлек бұл маң көпшіліктің серуендеуі үшін қоғамдық орынға айналады.
Бүгінгі күнге дейін белгілі болғаны Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде 6 жобаның құрылысы жүргізілуде. Олар – «Руханият» орталығы, «Қолөнер шеберлерінің галереясы», «Көркемдік-бейнелеу өнері галереясы», «Өлкетану мұражайы», «Көрме павильоны», «Ретро-фестиваль» амфитеатры. Ал, қазіргі уақытта қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аймақ биылғы жылдың аяғына дейін толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, күз мезгілінің шамамен соңғы айларында облыстың мерейлі 80 жылдығы тойланады деп жоспарлануда.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы