Таразды танытудың тың тәсілі
Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» екі мың жылдық тарихы бар шаһардың тарихы мен мәдениеті туралы ақпараттар беру, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында қаладағы қоғамдық орындар мен саябақтарда, қоғамдық көліктерде «Тараз туралы 9 сұрақ» атты әдеби круиз өткізуде.
Қаланың өткені мен бүгіні, тарихы мен мәдениеті туралы ақпараттар мен жергілікті ақындар Күләш Ахметованың «Жұлдызым Жібек жолы бойындағы»,Қайырбек Асановтың «Рухы биік қалам», Абдірахман Асылбектің «Тараз», Шырын Мамасерікованың «Көне тараз», Рафаэль Ниязбековтің «Жаңа Тараз жыры», Баймахан Ахметтің «Тараз»,Ғайни Әлімбекқызының «Таразым»,Жұлдыз Бейсектің «Таразым» атты қала туралы өлеңдері қоғамдық көліктерде аудиожазба арқылы қойылып, жолаушыларға тыңдатылуда. Сонымен қатар танымал тұлғалардың сүйікті қаламыз туралы дәйек сөздері қоғамдық көліктерде орналастырылып және жолаушыларға таратылуда. Кітапхана қызметкерлері қоғамдық көлік жолаушыларына қала атауының неше рет өзгергендігі мен атаулары, мәдени ескерткіштер мен саябақтар, қаланың аумағы,халық саны, көше саны т.б сұрақтары бар «Тараз туралы 9 сұрақ» атты викториналық ойын ойнатылуда. Сүйікті қаламыз туралы көптеген мәліметтер беретін «Тараз мұралары», Серік Сейдазимовтың «Тарихымен табысқан Тараз», Мақұлбек Рысдәулеттің «Жамбылым қандай тамаша» кітаптарына библиографиялық шолу жасалып, жолаушылар назарына ұсынылуда.