ТАРАЗДЫҚТАРҒА БАСПАНАЛЫ БОЛУ БАҚЫТЫ БҰЙЫРДЫ

Бүгін Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағын ауданында 460 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Абдалы Тоқбергенұлы көпшілікті қуаныштарымен құттықтады. Бұдан кейін қала әкімі ізгі тілегін жеткізді.
– Соңғы онжылдықтың бедерінде Тараз қаласында жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, тұрғын үй саны арта түсті. Жалпы, соңғы 4 жыл көлемінде Тараз қаласы бойынша 5 800 пәтер берілсе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 844 азамат баспаналы болды. Ал пәтер кезегінде тұрған азаматтар 1 956 пәтерге қол жеткізді. Сондай-ақ ағымдағы жылы қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жыл қорытындысымен 2 820 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл үрдіс алдағы уақытта да үзілмей жалғасын табады, – деген шаһар басшысы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізген пәтер иелеріне баспана кілттерін табыстады.
Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтар лебіздер легін жалғап, ақжарма ниеттерін жолдады.

Жалпы 2019-2022 жылдар аралығында өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 1 154 отбасы жаңа баспанаға ие болған. Сонымен қатар биылғы жылдың соңына дейін жаңа тұжырымдама бойынша 1 040 пәтерге 16 нысанды іске асыру жоспарлануда.

Тараз қаласы әкімдігі