Тараздық оқушылар Кинология орталығының жұмысымен танысты

Кинологиялық қызмет орталығында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Есірткісіз Қазақстан» акциясын өткізді.

 

Іс-шараға №10 орта мектептің және үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің оқушылары, волонтерлар қатысты.

Полицейлер Кинологиялық қызмет орталығында экскурсия барысында оқушыларға қызметтік-іздестіру иттерін көрсетті, олардың  қылмыскерлерді ұстау кезіндегі іс-әрекеті туралы айтты. Балалар кинологтарды мұқият тыңдап, қызықтырған сұрақтарын қойды.

Сондай-ақ, олар тәртіп сақшыларының төрт аяқты көмекшілерінің көрсетілімдерін тамашалады. Қызметтік иттер есірткі заттарының жасырын имитаторларын іздеді және шартты «қылмыскерлерді» ұстады.

⁃ Акция барысында жамбылдық  полицейлер оқушыларға есірткі мен синтетикалық есірткіні қолданудың зияны мен оның салдары туралы айтып берді. Акцияның басты мақсаты синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің пайда болу қаупіне назар аудару, сондай-ақ салауатты өмір салтын жүргізу қағидаттарын қалыптастыру болды, — деп атап өтті Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.