Тараздықтар тіршілік нәрінен таршылық көрмейді
Бүгінде тұрғындардың тұрмысын түзеу бағытында билік тарапынан жасалып жатқан жұмыс аз емес. Әсіресе халықты ауыз сумен қамтуда жемісті жобалар жанданып, баянды бағдарламалар жүзеге асуда. Нәтижесінде тіршілік нәрі шалғай алқап тұрғындарына да жетіп, қара халық алғысын жаудыруда.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны белгілі.
«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген Президент осы бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды тапсырды. Соның нәтижесінде бұқараның базынасы билікке тікелей жетуде. Президент ұсынған тұжырымдама облысымызда да өз жемісін беріп келеді. Мәселен, шаһардағы 28 саяжай мен «Көлтоған», «Тектұрмас» алқаптарының тұрғындары ауыз судың азабын тартып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болған еді. Биыл осы мәселе шешімін тауып, аталған алқаптардың тұрғындары ауыз судың игілігін көретін күн де жақын. Олай дейтініміз, 2019 жылы «Тектұрмас», «Қарасай», «Шөлдала», «Құмшағал», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Көлтоған», «Жиделі» және 28 саяжай алқаптарына ауыз су жүйесінің құрылысы нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жалпы құны 17 500,0 мың теңгеге жобалаушы серіктестік «Ұлмад» ЖШС мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арасында келісімшарт жасалған.
Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алулар конкурсы бойынша жеңімпаз мердігерлер анықталып, «Құмшағал», «Тектұрмас», «Қарасай» алқаптарында қазба жұмыстары басталып та кеткен. Ал «Жиделі», «Көлтоған», 28 саяжай, «Қызыл-Абад» алқаптарын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету нысаны бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, мердігер мекеме нақтыланып жатыр екен. Барлық нысан бойынша авторлық қадағалау жұмыстарын «Ұлмад» ЖШС жүргізбек. Сондай-ақ барлығына 2022-2023 жылдарға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Мұндай игі іске алқап тұрғындары да дән риза. Солардың бірі – көпбалалы ана Зәуре Қалматаева.
– Ауыз судың жоқтығы алқаптардың бас ауруына айналып тұрғалы біршама уақыт болған еді. Енді осы мәселенің шешімі табылғаны баршамызды қуанышқа бөлеп отыр. Бұл үшін облыс басшылығына алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Мұндай жүйелі жұмыстар барлық жерде жалғасын таба берсін, – дейді Зәуре Қалмаханқызы.
«Құмшағал» алқабының тұрғыны Әсия Елемес те ауылға ауыз су келеді дегендегі қуанышын жасыра алмауда.
– Талай жылдан бері тіршілік нәрінен таршылық көріп келген едік. Енді міне, ауылға ауыз су келеді деп қуанып жатырмыз. Бұл, әрине, бұқараға билік тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау. Осындай халық үніне құлақ асатын мемлекетіміз барда барлық қиындықты еңсереміз деп сенемін. Ауылға ауыз су әкелген барша азаматтарға алғыс айтамын, – дейді Әсия.
Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі» деп бағалаған. Тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді қағидат тұтқан. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Ендеше, шамалы уақыттан соң алқап тұрғындары тіршілік нәрінің тапшылығын өткен шақпен ғана еске алмақ. Бұл тұста жергілікті биліктің атқарып отырған жұмысы орасан екені даусыз.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ, Жамбыл Тараз