ТӘРБИЕ
Қазақ ғұрпында кіші үлкенге алдымен сәлем береді. Жасы кішінің бірінші болып сәлемдеспеуі барып тұрған тұрпайылық саналады. Жас адам үлкеннің алдында амандаспай сөз бастаса немесе бедірейіп қарап тұрса, ондайларды «көргенсіздің баласы» деп, «тәрбие көрмеген тексіз» деп, оның өзінен бұрын ата-анасын кінәлайды. Әне, сондықтан әрбір ата-әже, әке-шеше баланы қарғадайынан сәлем жолын жасауға үйретіп, санасына сіңіреді. Ол — отбасындағы үлкендердің бір парызы.
Жасы кішінің үлкенге құрмет көрсетуі — ата анаңның, ауылыңның, қала берді еліңнің абыройы. Өйткені ата-ана, ауыл- аймағыңа алғыс естірту немесе жағымсыз атқа қалдыру кейде бір ауыз сәлемнің берілу-берілмеуімен бағаланып кететіні бар. «Тексіз елдің баласы», «нұсқасыздың қызы», «тектемей өскен көргенсіз» деген секілді ауыр сөз есту кімге жеңіл дейсің?
Қазақта жасы кіші өзінен үлкенге ат үстінде отырып сәлемдеспейтін. Жас кезімізде көлікпен келе жатқанда ересек кісілер ұшыраса қалса, атымыздан қарғып түсіп, қол қусырып амандасатынбыз. Ат үстінде қоқырайып отырып сәлемдесу өр-көкіректік, надандық ретінде қабылданатын. «Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас» деп ондайларды жағымсыз сөзге іліктіретін. Асылы, халқымыз ақ сақалды атаны, ақ шашты әжені, ақ самайлы әкені, ақ жаулықты ананы, жалпы, үлкенді құрметтеген. Алдынан кесіп өтпеген. «Сен» деп серейтіп сөйлемеген. Қазақтың ұлттық бітім-болмысын ажарлайтын ардақ бір қасиеті осы — үлкенді сыйлауы.
Бауыржан Момышұлы
Зейнеп Ахметова апамыздың “Бабалар аманаты” кітабынан алынды.