ТАРИХ Қара Қожа мешіті – қастерлі нысан
Бұл тарихи мешіт Ойық ауылындағы Сейілбек елді мекенінің күнбатыс жағында орналасқан. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Талас–Шу аймағында қалыптасқан діни-рухани сәулет нысандарына тән дәстүрлі үлгі бойынша тұрғызылған.
Алла үйі Қарақожаның бастамасы бойынша 1909 жылы бой көтеріпті. Кейіннен Қарақожаның аты берілген. Көрнекті ғибадатхананың ені мен ұзындығы 16,9х16,26 метрді құрайды. Төрт бұрышты формада тұрғызылған.
Талас өзенінің оң жағалауындағы ғимарат сазды балшықтан күйдіріліп құйылған қызыл кірпіштен тұрғызылған. Себебі, ғимараттың негізгі құрылымында еуропалық қалыптағы кірпіш үлгісі қаланған да, қабырғаның күмбезге ұласар тұсына және күмбездердің өрілуіне көне шығыс қалпындағы кірпіштер пайдаланылған. Сылағына ғаныш ерітіндісі қосылған. Ғимарат күмбезді – галерея типті құрылыс тобына жатады. Тоғыз күмбезбен көмкерілген ескерткіштің оңтүстік-батыс құбыла жағындағы біреуі басқаларынан тұрқы биік бас күмбез кенересімен мойындыққа табан тіреген. Мойындықтың шығыс жағында мешіт ішіне жарық түсетін терезе ойығы және михрап қуыстары бар.
Қарақожа мешіті Бұхара және Самархан мешіттеріндегі сәулет өнері үлгісінде салынғанымен, өтпелі доға тәрізді галерея құрылымынан өзіндік ерекшелігі байқалады. Бұл мешітте қазір намаз оқылмайды. Бірақ, барша ауыл тұрғындарына құнды ескерткіш ретінде танымал. Көпшілік бұл ғибадат орнына құрметпен барып, зиярат етеді.
– Бұл тарихи мешіт – ауылдағы құнды ескерткіштердің бірі. Мұнда зиярат жасап келетіндер көп. Кезінде ауылға ұзақ жыл бас имам болған Ділда қожа атамыз осы мешітке де назар аударып, тазалау жұмыстарын жүргізіп тұрған. Бұл күнде Сейілбек ауылының тұрғындары мешіт айналасына тал-дарақ отырғызып, көгалдандыруда, – дейді Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердіұлы.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы