Тарих пен тағлымды – ұштастырған орталық
Теміртау қаласының төрінде 2011 жылдың 22 қарашасы күні жұртшылыққа есігін айқара ашқан Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына биыл 5 жыл толды. Іргетасы қаланғанына аз ғана уақыт өтсе де қала өміріндегі сан түрлі қоғамдық шаралар мен тарихм-мәдени, әдеби-рухани, патриоттық маңызы бар сан түрлі басқосуларды ұйымдастыруда бұл мекеменің орны ерекше.
Шағын ғана шаһардағы алып комбинаттың тұрмыс-тіршілігін өз басынан өткеріп, құрышты қаладағы Домна қазандығында шынығып өскен Елбасымыздың өзі Теміртау жайында сан түрлі естеліктерге толы жылы лебіздерін білдірген болатын. Мұнда, кезінде жас коммунист, қатардағы көрікші ретінде Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге Днепродзержинскіде тәлім алып келіп, Қазақстанның магниткасын бірге қаласқан, бүгінде металлургияның аға буын ардагерлері болып отырған майталман мамандар тұрады.
Тек қана елімізді алға сүйреп қоймай, бүгінгі күнде әлемдік саясаттың сойылын соғып жүрген, өзге елдермен елдігіміздің терезесін теңестірген сындарлы саясаткер қазақ елінің басшысы түлеген Теміртау өз түлегін қай кезде болмасын мақтан тұтады, мұндай ұлды баулығаны үшін марқаяды. Ал, өз заманының перзентімен сан жылдар бойы әріптес болып, арқа төріндегі алып зауытта еңбектің ащы терін бірге төккен замандастары Нұрсұлтан Әбішұлы жайында әңгімелеуден еш тартынған емес. Оның өзгеге қамқор, кішіпейіл мінезімен-ақ жұртты баурап, өз қатарластарынан ойының зерделі, зеректігімен оқ бойы озық тұратын ерекше қабілетін сөз етеді. Міне, сол жандардың қолқалауымен тұсауы кесілген Орталық бұл күнде өзі көздеген мақсаттарға қол созған іргелі ғылыми мекемеге айналды.
Мұнда, қалада өтетін үлкенді-кішілі жиындар, әкімшіліктің, партияның, сан түрлі министрлік өкілдері мен өзге де қоғамдық ұйымдардың басқосулары, мерекелік концерттік бағдарламалар мен тарихи танымдық конференция, семинарларды ұйымдастыратын 20, 80, 150 орындық конференция залдары мен шағын кітапхана орналасқан.
Тарихи-мәдени орталықта өткізілетін қоғамдық-бұқаралық жұмыстардың барлығы алдын-ала түзілетін кесте бойынша Ғылыми жұмыстар бөлімі, Экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімі және Экспозициялық көрме жұмыстары бөлімі сияқты бөлімдерге бөліне отырып, уақытында атқарылады. Әрі Орталықта өткізілетін кез-келген іс-шара туралы БАҚ-ы арқылы көпшілік назарына ұсынылады.
Сондай-ақ ашылуына биыл 5 жыл толуына орай «Елбасы және Теміртау» атты мекеменің шағын газеті де жарық көре бастады. Мұнда Тарихи-мәдени орталықтың өміріндегі маңызды оқиғалар, іс-шаралар мен т.б атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты мазмұнды мәліметтер жарық көріп отыратын болады.
Ал, ғылыми қызметкерлер бөлімінің қалалық, облыстық және республикалық мұрағаттар мен қорлардан жинақтаған құнды мәліметтері, жәдігерлері уақытында тізімге алынып ел назарына арнайы көрме ретінде ұсынылып отырады.Бұл күнде 50 ге жуық адам еңбек етіп жатқан Орталықтың қызметіндегі басты бөлімдердің бірі Экскурсияқ-бұқаралық жұмыстар бөлімі болып табылады. Жыл бойы тоқтаусыз келіп жататын қонақтар үшін ұсынылатын музей қызметі барлық заманауи талаптарға сай, өз қызметін үнемі жетілдіріп отырады. Онда мәліметтерді сақтап отыратын ақпараттық-базалық қондырғылар орнатылған. Яғни, музейді тамашалауға келген көрермен үшін құнды құжаттар мен бағалы фотосуреттер электронды түрде де арнайы ақпараттық қондырғыда ұсынылады.
Сонымен қатар Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында еңбек етіп жатқан қызметкерлер басқа мекемелер мен ұйымдарда өтетін ғылыми-практикалық конференциялар, республикалық семинарлардың тұрақты қатысушылары болып табылады. Мысал ретінде 2016 жылдың 8,9,10 қарашасы күндері Қарағанды қаласында өткен облыстағы музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсынан Орталықтың 10 қызметкері өтіп, өз біліктіліктерін арттырғаны туралы сертификаттарға ие болды.Мұнда Экспозициялық көрме жұмыстары бөлімінің де артқарып жатқан жұмыстары да жетерлік. Көркемсурет көрмелері үшін арнайы ұйымдастырылған залда еліміздің ең таңдаулы суретшілері мен қылқалам өнері шеберлерінің қолынан шыққан таңдаулы өнер туындылары қойылады. Ай сайын ауыспалы көрме ретінде өткізіліп тұратын сурет көрмесі өзінің сан алуан түрлілігімен көрме көрермендерін таң қалдырудан жалыққан емес. Әрбір мемлекеттік мерекелер мен мерейтойлар үшін тақырыптық көрмелер де топтастырылады. Оған мысал ретінде Теміртау қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы балалар мен жасөспірімдердің өнер мектебінің тәрбиеленушілерінің тақырыптық туындылары, Орталықтың 5 жылдығына, әрі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Орталықтың құрметті қонақтары» тақырыптық көрмелері де көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Бұл жерде әлемнің әр қиырынан келген сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің, жер жүзіне танымал еліміздің спортшылары мен өнер қайраткерлері, Елбасы Н.Әбішұлының өзінің де Орталықтың жұмысымен танысқан сәттері сияқты бағалы естеліктер бар.
Бірлігі мен тірлігі жарасып, комбинатында құрышы қайнап жатқан Теміртау бұл күнде тек өндіріс орны ғана емес ел экономикасының, мәдениетінің, білімі мен ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқан іргелі шаһарға айналды. Ал, бұған мысалды қаланың төрінде бой көтерген Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығынан көруге болады.
БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Суреттерді дайындаған Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының
«Экскурсия жетекшісі» ҚУАНЫШ ТЫНЫБЕКҰЛЫ