«Тарих толқынындағы театр шежіресі»
Ертең Елордадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мұражайының «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Бұл туралы «ЕлАна» сайты Ұлттық музейдің қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен театрдың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырып отыр.
Айта кетейік, ғасырға жуық уақыт халыққа үздіксіз қызмет еткен қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мұражайының 48 жылдық тарихы бар. Мұражай жәдігерлері арасында әйгілі театр және кино актерларының сирек кездесетін фотосуреттері, әр жылдардағы сахналық киімдері, афишалар, спектакльдердің макеттері мен эскиздері, театр өнері майталмандарының портреттері және жеке заттары, тағы басқа құнды заттар сақталған. Театрдың 90 жылдық тарихынан сыр шертетін осынау жәдігерлер аталған көрмеге қойылып отыр.
Көрменің салтанатты ашылуына КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі – Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығы лауреаты, театр директоры – Ерлан Біләлов, Қазақстанның Халық артисі, профессор, кеңесші – Есмұхан Обаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Журналистика Академиясының академигі – Әлия Бөпежанова және т.б. өнер майталмандары қатысады.
Сондай-ақ, аталған көрменің 5 қазанға дейін жалғасатынын барша Елорда тұрғындары мен қонақтарының есіне саламыз.