«Тарих толқынындағы театр шежіресі»
немесе тарихы тереңге кеткен әкемтеатр музейі туралы не білеміз?
Қазақ елінде өткенін түгендеп, жәдігеріне бей-жай қарамайтын өнер ордалараы кемде-кем. Соның ішінде қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының шоқтығы қашан да биік. Аталмыш әкемтеатр жуырда Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде үлкен масштабтағы көрме өткізді. Арысы Серке Қожамқұлов секілді талай серкенің, берісі Асанәлі Әшімов, Бекжан Тұрыс сынды театр мен кино өнерінің майталманы болған тарландардың «екінші үйіне» айналып кеткен әкемтеатр Елорданың төрінде көрме өткізіп жатыр дегенді естіген қала тұрғындары мен қонақтарының назары бірден Ұлттық музейге ауғаны жасырын емес. Өздерінің өнер ордасында пайдаланған кез келген дүниесіне театр әртістері қалай құрметпен қараса, көрерменнің оларға қошеметін 90 жылдық тарихы бар киелі шаңырақтың көрмесіне толассыз келуінен анық байқадық.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының 90 жылдық мерейтойына арналған айтулы көрменің ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, театр директоры, белгілі актер Ерлан Біләл, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Есмұқан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның журналистика академиясының академигі Әлия Бөпежановалар қатысты. Аты дардай азаматтарды құшақ жая қарсы алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай көрменің ашылу рәсімінде:
«Біз бұл көрмені бір театрдың тарихы ғана емес, жалпы қазақ өнері мен қазақ интелегенциясының тарихы деп түсінуіміз қажет. Сонау жиырмасыншы ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1926 жылы Қызылорда қаласында ашылып, «Алтын сақина», «Еңлік-Кебек» пьесаларымен көрерменге жол тартқан театрдың өзіндік тағылымды тарихы бар. Бұл театрда елімізге танымал көптеген өнер майталмандары қызмет етті. Сондықтан да театрдың келешек жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол. Осы мақсатта театрдың тарихынан сыр шертетін көрменің Ұлттық музейде ашылуы үлкен жетістік деп білеміз»-деп Алатаудың сәлемін алып келген мәртебелі меймандарды бір марқайтып тастады. Ал өз кезегінде әйгілі Асанәлі Әшімов:
«Қазіргі көрмеде фотолары мен жеке заттары тұрған театрдың бұрынғы артистерін ерекше сыйлайтынбыз. Біз олар есіктен кіріп келе жатқан кезде қабырғаға тұра қалатынбыз. Бұл біздің оларға деген құрметіміз еді. Әр елдің өзінің мәдениеті болу керек. Театр халыққа тәрбие беретін орын. Мұндағы әрбір жәдігердің бағасы қымбат. Мұнда фотолары тұрған театрдың бұрынғы тұлғалары біздің құдайларымыз. Олар біздің өмірбақи үлгі тұтар ұстаздарымыз, рухани азығымыз»-деп, көрменің көркі болған театр музейінің жәдігерлерінің аса маңызды екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, бүгінде ірілі-ұсақты 100 мыңнан астам жәдігерді сары майдай сақтап отырған театр музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қырық сегіз жылдық тарихы бар театр музейінің жұмысын қолға алып, Елорда төрінде «Тарих толқынындағы театр шежіресі» тақырыбында ашылған көрменің басы-қасында жүрген оның еңбегі өлшеусіз. Жиырма бес жылдан бері өнер ордасының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Н.Тамабекқызы театрдың 70, 80 жылдық мерейтойлары қарсаңында да көп жұмыс атқарған. Ол театрдың қазіргі басшысы Ерлан Біләлге дейін Тұңғышбай Жаманқұлов, Есмұқан Обаев және Еркін Жуасбек секілді алыптардың директорлық тұсында да мақтанып айтарлық жұмыстар көп атқарылғанын айтып қалды. Мәселен, театрдың 80 жылдық торқалы тойына арнап арнайы кітап шығару оңайға соқпаған. «Сексен жыл ішіндегі ең тамаша сәттерді іріктеп, оларды сұрыптап, кітап етіп шығару қиын болды. Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Еркін Жуасбек ағаларымыз күн демей, түн демей осы кітаппен айналысты. Марқұм Әшірбек Сығай да комиссия құрамында болып, театр тарихынан сыр шертетін туындының дүниеге келуіне атсалысқан еді»-дейді ол. Сонымен қатар, театр музейінің жетекшісіне Елордада өтіп жатқан көрмеге қатысты да азын-аулақ сұрақ қойып, сұхбаттасқан едік.
-Наргиз Тамабекқызы, байқасам, Елорда төріндегі көрмеге жақсы дайындалған сияқтысыздар…
—Оның рас. Дегенмен, бір айта кететіні, біздің театрымызда әуелден қалыптасқан игі дәстүр дерсің, қанға сіңген әдет дейміз бе, әйтеуір, қызметкерлердің ерекше қасиеті кішкене жоба болса да жұмыла істейді, немқұрайлы қарамайды. Мәселен, Ұлттық музейде өткен театр мұражайының көрмесіне біз ғана емес, өнер ордасындағы басқа бөлімнің де қызметкерлері атсалысқанын ерекше атап айтқым келеді. Негізінен, үш кезеңнен тұратын бұл көрмені осындай үлкен масштабта театрдың 90 жылдығы мерейтойы қарсаңында көктемде өткізген болатынбыз. Сол кезде «Театр көктемі-2016» фестивалі де маусым мықтыларын анықтап жатты. Бір қызығы, сол көрме кезінде өнер ошағында өзіндік орны, ізі қалған актер, актрисалардың киімін студенттерге кигізіп, солардан айнытпай грим жасап көрермен назарына ұсындық. Сәтті шыққан жұмысымыз үшін театрдың жас та болса еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген грим шебері Рауан Ашиновке және костюмер Гүлсім Тілепалдиеваға алғысым шексіз. Дәл сол «тірі маникенді» Астанадағы көрмеде де көрсеткіміз келген. Алайда, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театры ұжымы Маңғыстау облысына гастрольдік сапармен кеткендіктен оған мүмкіндігіміз болмады.
-Десе де езуінен таңқалыстың әрі қуаныштың лебі сезілетін көрме қонақтарының жұмыстарыңызға риза екенін анық аңғардық. Мұндай көрме алғаш рет өтіп отыр-ау деймін…
—Біріншіден, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрын елімізде әртістерін бағалап, тарихына атүсті қарамай, кішкене болса да мұрасын тастамай, жинап, мұражайға арнайы бөлім ашқан бірден-бір өнер ұжымы деп айтуға әбден болады. Екіншіден, мұндай ірі масштабтағы театр көрмесі өзің айтқандай алғаш рет өтіп отыр. Бұған дейін өнер ордасының 70, 80 жылдық мерейтойы кезінде Астана, Қызылорда, Қостанай, Талдықорған қалаларында көрме ұйымдастырдық. Бірақ олардың баршасы бір тұлғаға, мәселен, Талдықорғандағы көрме атақты Бикен Римоваға арналып, өзінің аты берілген театрда өтті. Елорда жұртшылығының қуанышына біз де бір мәз-мейрам болып қалдық. Өйткені, өнер ұжымы, жалпы өнер адамдары үшін халықтың ықыласынан асқан марапат жоқ. Белгілі театр және кино актері Тілектес Мейрамов студенттерін ертіп көрме тамашалауға келіп, театр тарихына тағы бір көз жүгіртті. Танымал актерлер Ғани Құлжанов, Ерік Жолжақсыновтар да Ұлттық музейдегі көрмеде төбе көрсетті.
-Қателеспесем, былтыр «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы бойынша Алматы қаласында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Сіздің ұжым бұған атсалысты ма?
—Шынын айтсам, біздің театр өз жәдігерлерін сақтап отыруға мықтап бекінген. Сондықтан, Ұлттық музейге «сый» жасай алмадық. Алайда, театрымызда өнер көрсеткен атақты артистердің ұрпақтарының бұл акцияға көп көмегі тиді. Егер де Ұлттық музейде «Театр және кино» дегендей арнайы бөлім болса мен көмек көрсетер едім. Алдағы уақытта да бұл жағынан жақсы жаңалық болып жатса Елорданың қақ төріндегі Ұлттық музеймен әріптестік байланыста болуға дайынбыз.
-Қысқа әрі нұсқа сұхбатыңызға көп рахмет! Театр ұжымымен бірге сіздің де еңбегіңіз жана берсін!
Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ