Тарихи атаулары қайтарылды

Сүйінші, ағайын! Павлодар облысында екі бірдей ауданның атауы өзгертілді. Лебяжі ауданына Аққулы, Качирге Тереңкөл деген қазақша тарихи атауы беріліп, көпшілік өзгерісті үлкен қуанышпен қарсы алды. Қос ауданның атауын қайта атау туралы құжатқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылып, ресми түрде жария болды.

 Бұл — сол аудан тұрғындарының көптен бергі арманы болатын. Себебі, мұндай атаулар біздің елдің тарихына да мәдениетіне де жат еді.  Кездейсоқ қойылған Лебяжі мен Качир бұл аудандардың географиялық, табиғи, тарихи сипатын көрсете алмайтын әрі қай тілде қойылғаны белгісіз болып келді. Көңілге тікендей қадалған бұл мәселе Елбасының қолдауымен шешімін тапты.

Екі ауданның атауына байланысты ресми ақпарат пен Елбасының Жарлығы ҚР Президент әкімшілігінің «Ақорда.kz» сайтында жарияланды. Онда: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: Павлодар облысының кейбір аудандары:  Качир ауданы – Тереңкөл ауданы;  Аққулы ауданы Аққулы ауданы болып қайта аталсын», — деп жазылған.

            Қазақстан ғылым Академиясының академигі, абайтанушы, Лебяжі ауданының Құрметті азаматы Ғарифолла Есім мұны Павлодар өңірі жұртшылығы үшін аса маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті.

            — Бұрынғы Лебяжі мен Качир аудандарын Аққулы және Тереңкөл деп қайта атау туралы ресми ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып бір қуанып қалдық. Жалпы, «Лебяжі» сөзі не орысша, не қазақша деуге келмейтін түсініксіз атау. Ал, «Аққулы» атауының бұл ауданға тікелей байланысы бар. Себебі, ерте заманда осы аудан орталығының жанында аққулы айдын көл болған. Кейін ол көл суы тартылып қалғандықтан аққулар да азайды. Ендігі мәселе осы көлді қайта қалпына келтіріп, аққуларды қайта әкелу әрекетін жасау керек. Себебі,  аққу бұл өңірдің, бұл ауданның ең басты символы, — дейді Ғарифолла ағамыз. 

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Батырбек Қайырдың сөзінше, ендігі кезекте бұл аудандардың әкімшілігі ресми құжаттарын реттей бастауы керек. Мысалы, бланклар мен мөрлерін жаңарту және тақтайшалар мен стеллаларды қайта орнату жұмыстары күтіп тұр. Бұған аудандық бюджет есебінен қаражат бөлінеді.

Мұратбек СМАҒҰЛОВ, Аққулы ауданының Құрметті азаматы:

— Барша аудан тұрғындарын ауданымыздың Аққулы болып өзгеруімен құттықтаймын.  Бұл біздің көптен күткен қуанышымыз. Аудан атауын қазақша ауыстыру мәселесі негізі 1980 жылдары қолға алынған еді. Сол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген Хаят Тәшімов есімді азамат көтеріп, кейін аяқсыз қалды. Міне, сол арманымыз бүгін орындалып отыр.

 

Еркебұланов ҚАЛИҚАЙДАР, Тереңкөл ауданының Құрметті азаматы:

Осыдан он жылдай бұрын аудан орталығының атауы Тереңкөл болып өзгергенде аудан аты  солай болса деген мәселе көтеріп едік. Ауданның тарихына қатысты баспасөз беттерінде түрлі мақалалар мен салмақты пікірлер жазылды. Араға біраз жыл салып, нәтижесін көрдік. Жалпы, қазақ өзінің өсіп-өнген жеріне, тауы мен тасына, өзені мен көліне тіпті сай-саласына дейін ат қойып, айдар тағып отырған. Тереңкөл атауы да өңірдің табиғи ерекшелігіне байланысты қойылған екен. Міне, соны бүгін ауданымызға қайтарып алдық. Қуаныштымыз.

Тілеуберді САХАБА