«Тарихи ғылым «Рухани жаңғыру» тұрғысынан»
Павлодар облысы орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Тарихи ғылым «Рухани жаңғыру» тұрғысынан» деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды ғылыми шара тарих ғылымдарының докторы, кезінде әр салада жауапты қызмет атқарған жерлесіміз Роза Қадысованы еске алуға арналды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов және басқа да тарихшы ғалымдар мен Роза Жұмабайқызының туыстары қатысты.
— Жаңғыртудың феномені гуманитарлық ғылымдардың өзекті мəселелердің бірі болып табылады. Бұл мəселені ғылыми тұрғыдан зерттеуге Роза Жұмабайқызы сүбелі үлес қосты. Ол «Қазақстанның кеңестік жаңғыруы (1917-1940 гг.): тарихи мəселелер», «Қазақстанның соғысқа дейінгі өнеркəсіптік: посткеңестік кезеңнің тарихи үдерістері» сияқты бірқатар маңызды монографиялар жазды. Роза Жұмабайқызы ғылыми зерттеу жұмыстарымен көп айналысты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптама тобының бірінші жетекшісі болып, Павлодар өңірінің тарихи-мәдени дамуына өзінің үлесін қосты, — деді Мейрам Мұхамедрақымұлы.
Жиында сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директры Зиябек Қабылдинов Р.Қадысовамен бұрыннан тығыз байланыста болғанын және көптеген тарихи-мәдени жобаларды бірлесіп іске асырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты бірқатар ұсыныс айтты.
— Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тарихи тұрғыда дамытудың маңызы зор деп білемін. Осы сәтті пайдалана отырып, барша павлодарлықтарды өздері тұрып жатқан ауылдарының, елдімекендерінің тарихын зерттеп, баспа бетіне түсіруге шақырамын. Себебі үлкен Отанға деген махаббат тарихы – адамның кіші Отанына деген махаббатынан бастау алады. Өз ауылының, ауылдық округінің, әкімшілік ауданының, облысының, аймағының тарихын білмей тұрып, Қазақстанның жалпы тарихын ешқашан біле алмайды. Бұл ретте ауыл әкімдері жергілікті тарихшыларды, өлкетанушыларды және сол өңірде көптен тұрған көне көз қарияларды жұмылдыруы керек, — дейді Зиябек Ермұханұлы.
Осы күні еліміздің танымал ғалымдарының қатысуымен «Қазақстандық жəне шетелдік тарихтағы жаңғыртуды зерттеу: ерекшеліктері мен ортақ үдерістер» тақырыбында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы ПМУ-де Қадысова Роза Жұмабайқызының құрметіне арналған аудитория ашылды.
Тілеуберді САХАБА