ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАУ — МҮЛГІГЕН САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Елбасы тапсырмасы негізінде, өткен мамыр айының ортасында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен елордамыздағы Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған болатын. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық — идеологиялық деңгейге көтеру. Осы істі абыройлы атқару үшін орталық жанынан арнайы ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, оған жергілікті өлкетанушылар мен этнограф ғалымдар, аймақтағы салалық мекеме қызметкерлері тартылған — тын.

Жұмыстың басталғанына үш ай уақыт өтті. Атқарылған жұмыстар аз емес секілді.

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, этнограф, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттің профессоры Жамбыл Артықбаев және «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Қайсар Тұрсынғожаның қатысуымен баспасөз конференциясы болып өтті.   Жиынның мақсаты: «Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Қазақстанның қасиетті жерлері географиясы» жобасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстармен таныстыру.

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали: «Бүгінгі таңда біз әзірлеген нұсқаулық бойынша өңірлерден шамамен 1000 тізім келіп түсті. Бүгінде жетекші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құрылған Сараптамалық кеңесінің шешімімен 100 жалпыұлттық деңгейдегі, 500 жергілікті маңызы бар қасиетті орындардың тізімінің жобасы жасалды. Іс жүзінде халық бұл жерлерді бұған дейін анықтап қойған. Біздің міндетіміз – қасиетті орындардың бірыңғай желісін құру. Болашақтағы міндет – оларды кеңінен насихаттау», — деді.

Түсінікті болу үшін  мына мәселені айта кеткеніміз жөн.  Бұл жобаның аясына, Қазақстан жеріндегі тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи сананы жаңғыртуға қатысты нысандар қамтылуда. Осы арқылы қазақстандықтардың біртұтас рухани кеңістікте ынтымақты өмір сүру тетігі қаланбақ. Нақтырақ айтқанда, «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы ғұрыптық рәсімдерді қалыптастыруға бағытталған діни немесе тарихи-археологиялық мұраларды насихаттауға арналған жоба емес. Бұл – рухани құндылықтарды қалыптастыратын ғылыми-әлеуметтік жоба.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашев әңгімені әріден бастады: «Бізде тарихи оқиғалар өткен, бірақ қазіргі күнде ол жерде ешқандай белгі сақталмаған, ешқандай із байқалмайтын жерлер бар. Қираған ескерткіштердің сынығы немесе жай орны ғана қалған нысандар бар. Алайда, тарихи мәні өте зор болғандықтан, ол жерді құрметтеп жатамыз. Мысалы «Таңбалы тасты» алсақ, толық қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Бұл өте маңызды нысан. Осындай қасиетті орындарымызды тізімге енгізу ұсынылуда», — деп түйткілді мәселенің шетін шығарды.

Сонымен қатар Зайнолла мырза Қазақстанның қасиетті орындарының картасын қалыптастыру барысында, аймақтарда жұмыс топтары құрылып, ұсынылған қасиетті нысандар бойынша республикалық этно-мәдени экспедиция жұмысы ұйымдастырылып жатқандығына да тоқталды.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Тұрсынғожа Қайсардың да айтары бар екен: «Бүгінде тарихшы, археолог, этнограф ғалымдармен бірігіп Қазақстанның қасиетті орындарының картасы жасалуда. Бұл карта мультимедиялық құрылымдар арқылы мобильді форматта, электронды түрде қолжетімді болады», — деді ол.

Астана қаласынан киелі орындар тізіміне «Бәйтерек» монументі кіріп отыр. Неге? Өйткені Бәйтерек пен Тәуелсіздік монументі біздің еркіндігіміз бен жаңғыруымыздың символы. Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік» алаңы мен Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш те қасиетті орындар тізімінде. Бұл нысандар қарапайым ескерткіш ретінде маңызды емес, бірақ оның оқиғалық мәні аса маңызды. Яғни осы ескерткіштер арқылы біз нендей тарихи құндылықтарды насихаттаймыз гәп сонда жатыр.

Қазір тарихшы, археолог, этнограф ғалымдармен бірлесіп, Қазақстанның қасиетті орындарының картасы жасалуда. Бұл карта мультимедиалық құрылымдар арқылы мобилді форматта, электронды түрде халыққа қолжетімді болады.  Сонымен қатар қасиетті жерлерге қатысты роликтер жасалып жатыр. Жыл аяғына дейін шағын үш ролик дайын болмақ.

Бұл жобаның шет – шегі барма деген сауал туындары сөзсіз. Бағдарлама бес жылға арналған. 2017-2021 жылдар. Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жасалуы тиіс.

 

Дайындаған: Нағашыбай Қабылбек