ТАРИХИ САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРАТЫН СӘТІ ТУДЫ
Советтік саясаттың бірі — ұлттың білікті кадрларының көзін жою болатын. Мұның бір дәлелі Ф.И.Голощекиннің Сталинге жазған хатында: әуелі қазақ халқының интеллигенциясын құрту мақсаты көзделді, мұнан кейін жас буынның тарихи санасын кері бұрып, оңды-солды әліпби ауыстыру қамына кіріскен болатын. Яғни ХХ ғасырда қазақ 3 рет (төте, латын, орысша/кирилл) алфавит ауыстырды. Мұндағы басты мақсат, ұлттың маңдайалды интеллиегенциясын біржола жою болатын.
Бұл күн – халқымыз басынан өткерген қасіретті жылдар жаңғырығы. Өткен ғасырдың басындағы тоталитарлық жүйенің салдарынан ел ашаршылыққа тап болып, екі миллионға жуық адам көз жұмды. Жүздеген мың қандасымыз туған жерін тастап көшуге мәжбүр болды. Ұлтымыздың беткеұстар марғасқалары қапастарға қамалып, ату жазасына кесілді. Олардың жақындары да қудалаудан құтыла алмады.
Енді міне, Мемлекет басшысының бүгінгі үндеуі дәл уақытында жүзеге асып жатқан жағдайы бар. Дәл осы комиссия жедел қимыл жасап, ақтаңдақтардың ақиқатын ашып, тарихи сананың қайта түлеуіне қызмет жасауы керек.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Абайтанушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты