ТАРИХИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ТАПҚАН ҚАРАКЕМЕРЛІК МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ МАМАНДАРДАН КЕҢЕС АЛУДА

Жамбыл облысы тарихи елді мекендерге бай өңір. Мұнда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне қала сілемдерімен қатар қараханидтер, түркі қағанаттары өмір сүрген кезеңнің, ерте темір, қола дәуірі кезеңдердегі елді мекен белгілері бар тарихи жерлер көп.
Соның бірі – Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылы. Бұл ауылдың тарихи маңызын 1938 жылы Жамбыл өңірінде археологиялық пунктіні ашқан А.Бернштам мен Г.Пацевич зерттеп, ауылдың оңтүстік-батысына қарай 2 шақырым қашықтықта VII-XII ғасырда болған Адахкент қаласының орны болғандығын көрсеткен.
Сондай-ақ ауылдың өзі Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығы болғандығын да дәйектеген. Ауыл тұрғындары бұл жерден керамикалық ыдыстар мен тиындарды жиі табатын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сондай тарихи жәдігерді ауыл маңынан тапқан.
Қаракемер ауылының Төле би атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Өміртай Еңлік осы ауылдың тұрғыны. Бала кезден ауылдан табылған жәдігерлерді көзімен көріп өсті. Сондықтан да ол жастайынан археологияға қызығып, атасының бай кітапханасында сақталған тарихи кітаптардан, зерттеу жинақтарынан өзіне қажетті мағлұматтарды алып, жинақтаған. Ал қазіргі жылдам ақпарат заманының негізгі құралы – интернеттің көмегімен көне жадігерлерді білім деңгейі жеткенінше танып, оларға талдама жасауды да үйренуде.
Ауыл маңынан тапқан қазынасы туралы Еңлік, алдымен, тарих пәнінің мұғалімі Жазира Дубаеваға айтқан. Ізденімпаз жас өлкетанушы мен ұстазы бұл тарихи жәдігерлерді тереңірек зерттеп тануды ұйғарып, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына келді. Орталық директоры, белгілі археолог ғалым Сауран Қалиұлы заттарды көріп, кездейсоқ табылған жәдігер археологиялық тарихи дерек болып табылатындығын айтты. Керамикалық қос құлақты құты ішінен табылған қоладан жасалған зергерлік бұйымдарды шамамен 9-12 ғасырға тән екенін айғақтады.
Сондай-ақ қыш құмыраның бояу ерекшеліктеріне мән бере әңгімелеген Еңліктің ізденісін Сауран Қалиұлы археолог ретінде жоғары бағалап, алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын бірлесе атқаратындарын айтты.
Ақпаратты дайындаған- Назым Қожамарова

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы