Тарихқа айналған тағылымды кездесу
Қырғыз Алатауының жалғасы Қаратау жотасының сілемінде орналасқан Талас ауданының тарихы қатпар-қатпар. Жотаның сай-саласы орманды болып келеді. Сайлардан аққан өзендер бұлақ көздеріндегі тамшыдан құралып, арықтар әрі қарай өзекке айналады. Өзен бойы ну бұталар, шалғын шөптер керемет көрікті көрінеді. Берікқара, Аралтөбе, Марынсаз, Ақсоран, Салықсай, Еліктісай шатқалдары көз тартады.
Осы Қаратау жоталарынан Мойынқұмға қарай аудан аумағы жазықты келеді. Қаратау қаласы, Тамды, Қызыләуіт, Ақкөл ауылдары көз тартады. Одан әрі Ойық, Үшарал ауылдары менмұндалап тұрады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары таластықтар өтпелі кезеңде шыдам мен сабыр танытып, қиындықтан бірте-бірте өтуге бел буды. Себебі ол кезде ақша құнсызданып, халықтың тұрмыс жағдайы төмендей бастаған кез еді. Ауыл тұрғындары қолда бар малын көбейтіп, бір жағы диқаншылық кәсіпке сүйеніп, жағдайларын түзеуге бет бұрды. Кейбірі жеке кәсіп ашып жатты. Саудамен айналысу, базарға шығу үрдіс алды.
Осы жылы таластықтар үшін бір серпіліс болды. Аудан басшылары мен жергілікті тұрғындардың тілегін қабыл алып, Таласқа аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің бірінші хатшысы, СОКП орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі болған Дінмұхамед Қонаевтың келуі аудан халқының сүйіспеншілігін, ыстық ықыласын тудырды. Сол кездегі аудан орталығы Ақкөл ауылы ерекше әрленіп, сәнденіп, үлкен қонақты күтуге дайындалды. Талас жоталары ерекше маужырап, көктемнің күні шуағын молынан төкті. Бейне атажұртым деп елжіреп келе жатқан Дінмұхамед Қонаевтың көңілінен төгілген шуақтай еді. Сіркіреп жауған жауынмен де дала құлпырып сала берді. Себебі көптен бері мұндай мол жауын жаумаған болатын. Тігілген ақшаңқан киіз үйлерден көз сүрінеді.
Ақкөл ауылының Қаратөбе деп аталатын биік жотасында үлкен қонаққа арнап, алқа тұғыр (президиум) тұрғызылды. Жолдар ретке келтіріліп, ақшаңқай киіз үйлерден көше жасалды.
Мемлекет және қоғам қайраткерін таластықтар аудан шекарасына кіреберіс қақпадан сән-салтанатпен күтіп алды. Бұл Алатау тұлғалы азаматқа деген құрмет еді. Дінмұхамед Ахметұлы сол сапарда Ақкөл, Ойық ауылдарын еркін аралап, жергілікті тұрғындармен және ауыл ақсақалдарымен кездесті. Арада риясыз әңгімелесу, жүрекжарды сырласулар мен елдің жайы туралы пікірлесулер болды. Аудан орталығында Қонаевқа арналған бәйге өткізілді. Бәйгеден бас жүлде алған тұлпардың иесіне Дінмұхамед Қонаев өзі бата беріп, сыйлық тапсырды. Бұл да – тарихи сәт. Атамызға деген елдің ыстық ықыласы мен сағынышы, сүйіспеншілігі өте жоғары болды.
Сол көпшіліктің ішінен мүмкіндік тауып, Қонаев атамызға сәлем бердім. Жас кезіміз ғой. Алатау тұлға қолымды қысып тұрып: «Әлі жассың, ел үшін аянбай еңбек ет, балам. Әділ бол. Еліміздің болашағы жарқын болсын» деді. Осылай үлкен кісінің батасын алдым. Содан бері атаның асыл қасиетін қадірлеп, өсиетін жадымда сақтап келемін. Бүгінде Халықаралық «Қонаев қорының» Талас аудандық филиалы алқасының мүшесімін.
Осылайша, Талас жерінде көл-көсір пейілмен өткізілген іс-шара әлі күнге дейін халықтың есінде. Себебі еліміздің өркендеуіне бар ғұмырын арнаған Дінмұхамед Қонаевтың еңбегі халықтың жүрегінде мәңгі сақталады деп ойлаймын. Қонаев атамыздың «Қанша биікке көтерілсем де, халықтан төмен екенімді ұмытпадым» деген сөзі әлі есімде. Дінмұхамед Ахметұлына деген елдің ықыласы ешқашан аласармақ емес. Алдағы уақытта да Дінмұхамед Қонаевты есте қалдыру және еңбегін лайықты бағалауға арналған жұмыстар жалғасын таба беретіні анық.
Талғат ЖҰМАБЕК, Таалас аудандық Д.А.Қонаев атындағы қорының мүшесі